Бүгін елу ақтөбелік жас жаңа пәтер кілттеріне ие болды, деп хабарлайды City04.kz.
Жастар жылы Ақтөбеде бюджет саласының жас қызметкерлеріне өздерінің алғашқы баспаналарын алуға мүмкіндік туғызған бірегей тұрғын үй бағдарламасы бастау алды.
14 ақпан, бейсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев алғашқы елу жаңа қоныс иесіне жаңа пәтер кілттерін табыс етті. Олардың қатарында әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан, жетім және т.б. балалар бар.
Өңір басшысы былтыр Ақтөбеде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру аясында 170 мың өскелең ұрпақ өкілдері қатысқан 2 мыңға жуық шара өткенін атап өтті.
Ақтөбеде «Jasbarys» алғашқы өңірлік форумы өтіп, оған еріктілер, студенттер, жас кәсіпкерлер, жұмысшы жастар қатысты. Дүниежүзілік банктің қолдауымен «ZhasProject» жобасы жүзеге асырылып, соның аясында жастар 163 жобаны жүзеге асыру үшін 1 млн теңгеге дейін қаражат алды.