Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019 жылғы қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша болжамалы көрсеткіштері қаралды, деп хабарлайды City04.kz.
Өңдеу өнеркәсібінің өсімі 5,9%, инвестиция -10,7% құрайды деп болжанып отыр. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 18,4 млрд. теңгені (103,9%) құрайды. Құрылыс жұмыстарының өсімі 5% деңгейде болады деп күтілуде. Осы жылдың небәрі екі айы ішінде 87,7 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілетіндігі болжанып отыр. Жергілікті бюджетке 20,8 млрд. теңге кіріс түскен, бұл жоспардан 25,6% көбірек.
Сонымен бірге өңір басшысы облыстық басқарма басшыларына, аудандар мен Ақтөбе қаласы әкімдеріне инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Бұдан басқа, жиын кезінде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Биыл аталмыш бағдарлама аясында 34 мыңнан аса нәтижесіз жұмыспен қамтылғандарды, жұмыссыздар мен аз қамтылған азаматтарды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр деп жеткізді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров.
1 наурыздағы ахуал бойынша шамамен 6 мың адам жұмысқа орналасуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылған, осы жылдың қыркүйек айынан бастап 1085 адам арнайы-орта білім алуды бастайды, кейін олар жұмысқа орналастырылмақ. Бағдарлама аясында қала мен ауылдардағы бизнес бастаманы шағын несиелеу жұмыстары да белсенді жүргізіліп жатыр. Осы жылы 1048 ақтөбелік бизнес ашып, оны дамыту үшін жалпы сомасы 5 млрд теңге көлемінде шағын несие алады.
Облыс әкімі жұмыспен қамтуға жәрдемдемдесу шараларының тиімділігін, сонымен қатар, әлеуметтік көмекті ұлғайту үшін екі апта ішінде облыстың көмекке мұқтаж әрбір тұрғынының әлеуметтік бейнесінің сараптамасын аяқтауды тапсырды.