Зорлық-зомбылық пен қорлау құрбаны болып жүрген әйелдің бар айтар әңгімесі де осы. Барар жер, басар тауы қалмаған әйелді бүгінде Ақтөбедегі зорлық-зомбылық көрген әйелдерге пана болатын үй - тұрмыстық зорлық құрбандары орталығы өз қамқорлығына алды.
Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алып, басына іс түскен әйелдерге тығырықтан шығар жол табуға көмектесіп жүрген орталықта бүгінде 6 әйел бар.
Алты жыл бұрын Әйгерім өз ықтиярымен сүйген жігітіне ұзатылған. Өзі Алға ауданының тұрғыны екен. 27 жасар жас келіншекті жастайынан әкесі анасын жоқтатпай бағып, өсірген. Салт-дәстүрге сай, ақ батасын беріп, ұядан ұшырған.Жаңа үйге келін болып түскен Әйгерім күн сайын тірлігін тыңғылықты атқарып, қосымша мектепте еңбек етті.
Бір жылды араға салып, Әйгерім мен оның жолдасы арасында үлкен ұлы дүниеге келді. Бүгінде ол 5 жаста. Кейін егіз дүниеге келді. Бірақ осы жақсы дүниелер арасында неше түрлі зорлықты көрген біздің кейіпкеріміз өткенді көзіне жас алып еске түсірді.
Әйгерімнің айтуынша, енесі баласын қызғанып, келініне күн көрсетпей, тіпті, кейде қол жұмсайтын да жағдайлар орын алған. Расында да осындай енелердің кесірінен талай шаңырақтың ортасы ойрандалғанын да көрген жайымыз болған. Қарап отырсақ, келін сенің ұрпағыңның ізін жалғастырушы, осы әулеттің ардақты анасы. Тәрбиелі қыз өнегесіз ененің қолына келін болып түссе, келсап болып шығады дейтін қағида кейде рас болып шығады.
Ене мен келін арасындағы жанжалдың тууына тағы бір себеп болған – ақша. Көбіне ол келінінің табысын соңғы тиынына дейін санап алып, тартып та алатын. Тіпті, өз ұлына Әйгерімді жамандап, ұрғызатын.
Бүгінгі таңда Әйгерім үш баласымен бірге жаңа өмір бастамақшы. Ол жұмыс орнын тапқаннан кейін, пәтер жалдап, орталықтан кетемін дейді. Бар мақсаты – артта қалған енесі мен жолдасына өзін мықты етіп көрсетіп, балаларының жағдайын дұрыстау.
Орталық қызметкерлерінің айтуынша, бұндай жағдайлар өңірімізде өте көп орын алады. Бірі – бұл жерге келуге намыстанса, бірі – білмейді екен.