Жиын «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың төрағалығымен өтті. Жиынға бейне-конференция арқылы өңірдегі Жобалық алқалардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды City04.kz.
Жиынды ашқан Абылай Мырзахметов басым жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасына қатысу шарттары жайында кәсіпкерлерді жан-жақты ақпараттандыру қажеттілігі туралы мәлімдеді.
Бағдарламаны жүзеге асыруда бюрократияға жол бермеу керек, деп мәлімдеді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр.
Өңірлердегі өкілдердің хабарлауынша, кәсіпкерлер де Бағдарламаға қатысуға қызығушылық танытуда. Шығыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіптік кешен, туризм, жеңіл өнеркәсібі және жиһаз өнеркәсібі салаларынан бағдарламаға қатысуға 24 кәсіпорын өтінім берді, 2 жоба банктің мақұлдауын өтіп жатыр. Шымкентте Жобалық алқаның бір апталық жұмысының нәтижесінде кәсіпорындардан жалпы сомасы 39 млрд теңгеге 39 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 26 өтінім жобаны әзірлеу кезеңінде, 4 жоба банк қарауына жіберілді, 4 жоба – бизнес-жоспар құру кезеңінде.
Естеріңізге салсақ, облыс деңгейіндегі жобалық алқалар Өңірлік кәсіпкерлер палаталары жанында әкімдіктер, банктер, «Даму» қорының филиалдары, бизнес-қоғамдастықтардың қатысуымен жұмыс істеп жатыр.
Бағдарламаға қатысуға ниет танытқан кәсіпорындар арасында сауалнама жүргізу – Жобалық алқа жұмысының маңызды кезеңі болмақ. Сауалнама банктер өтінішін мақұлдамаған компанияларды анықтауға және саладағы өзекті мәселелерді білуге мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлер Бағдарламаға қатысты ақпаратты, сондай-ақ қажетті кеңесті Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанында құрылған Жобалық алқадан алуына болады.
Естеріңізге салсақ, биыл Елбасының тапсырмасымен халық тұтынатын тауарларды, сондай-ақ шикізат және бастапқы өңдеу өнімдер өндірісін қолдауға Үкіметтен 600 млрд теңге бөлінді. Атап айтқанда, бұл қаражат өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен қолдауға бағытталады.
Айта кетелік, Бағдарлама аясында дайын өнім өндірісіне ғана емес, сондай-ақ қажетті шикізат және бастапқы өндеу өнімдерін шығаруға қолдау көрсетіледі.
Қазіргі таңда Бағдарлама жұмысына екінші деңгейлі 9 банк қосылды. Қаржыландыруға қол жеткізу үшін кәсіпкер банкке өтінім жіберіп, бизнес жобаны бағалау және мақұлдау процедураларынан өтіп, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына жүгінуі қажет.