18+

Ақтөбелік студенттер білімді сатып алатынын растады

25 ақпан мен 20 наурыз аралығында облыстың жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері арасында өткізілген анонимді сауалнаманың нәтижелері дайын болды, деп хабарлайды City04.kz.

Дипломды ақшаға сатып алғанмен, білімді сатып ала алмайсың. Бірақ, көптеген студенттер бұны естіп жүрсе де, жалқаулығы жеңіп, дипломдық жұмысты немесе сынақ кітапшасын сатып алуды әдетке айналдыруда. Дұрыс білім алмаса, өздерінің атқарар қызметтерін білмесе, ұлт ұрпағының болашағы не болмақ?

Осыған орай облыста "Ақтөбе адалдық алаңы" және "Саналы ұрпақ" жобалары аясында сауалнама ұйымдастырылды, бұл туралы аймақтық арнайы мониторингтік тобының төрайымы Тәттігүл Талаева мәлімдеді. Оның айтуынша, жалпы сауалнама барысында 1552 студент қамтылды. Олардың 585-і М. Оспанов атындағы БҚММУ-ң, Қ. Жұбанов атындағы АӨМУ-ң, С. Бәйішев атындағы және Қазақ-Орыс Халықаралық университеттерінің студенттері болса, 967-і 11 мемлекеттік колледждердің студенттері.

Сауалнама 14 сұрақтан тұрды. Жауаптардың нәтижесі көрсеткендей, жергілікті ЖОО мен колледждердегі мамандар емтихан кезінде студенттерден сыйақы алатындығы белгілі болды.

Студенттердің мәлімдеуінше, Қ. Жұбанов атындағы АӨМУ-дезаңсыз сыйақы 1 000 теңгеден 2 000 теңгеге, М. Оспанов атындағы БҚММУ- 5 000 теңгеден 80 000 теңгеге, С. Бәйішев атындағы университетте 1 500 теңгеден 10 000 теңгеге дейінгі соманы құрап, кейде тіпті, оқытушылар баға үшін торт, бәліш немесе «KFC» компаниясының тағамдары түрінде сыйлық сұрайты анықталды.

Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Расул Медетов білім беру саласындағы тағы бір мәселеге тоқталып өтті.

«OLX» онлайн-хабарландырулар платформасында келесідей: "Дипломдық, курстық және магистрлік жұмыстарды жазамын, тапсырысқа мақала жазамын. Плагиат қорқынышты емес", "Дипломдық жұмыс-30 000" және т. б. мәтіндегі хабарландырулар бар.Осыған ұқсас әр хабарландырулардың астында сәйкесінше автордың байланыс нөмірлері еркін түрде көрсетілген. Департамент "Жасырын сатып алушы" әдісімен іс-шара өткізу барысында хабарландыру авторларының біріне телефон соқты. Әңгімелесу барысында дипломдық жұмысты "сатушы", бұрын оқытушылық қызметпен айналысқандығын, дипломдық жұмыстың сапалы жазылуын ғана емес, сонымен қатар жақсы нәтижелерге кепілдік беретіндігін, дипломдық жұмыстың құны 50 000 теңгені құрайтындығын мәлімдеді», - деді Р. Медетов

Жүргізілген сауалнама мен "Жасырын сатып алушының" қорытындылары қосымша зерделеу мақсатында құқық қорғау органдары мен оқу орындарының сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу комиссияларына жолданды.