- Рамазан айы – құлшылық пен сабыр, мейірім мен қайырымдылық айы. Ал, оразадан соң үш күн тойланатын айт мейрамы – адамдардың көңіліне көктем сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке екендігі баршаңызға мәлім.
Осы орайда, барша мұсылман қауымын ең қасиетті де ұлық мереке – Ораза айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін барша мұсылман шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл мейрам Ақтөбе жұртшылығына да құт-береке, ынтымақ, ырыс әкелсін!
Бұл күні әр үйде сәні мен салтанаты ерекше мерекелік дастархан жайылады. Мұсылмандар туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды аралап, бір-бірінің үйінен дәм-тұз татып, мәре-сәре болады. 30 күн оразада халқымыз ыждаһаттылықпен ауыз бекітті.
Мешіттерімізде ауызашарлар мен қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсетілді.
Осы ретте барлығыңызға Алла разы болсын дегім келеді.
Баршаңызды, тағы да Ораза айт мейрамымен құттықтаймын.Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - деді Оңдасын Сейілұлы.