Әлеуметтік желіде сатып алушы "Табыс" коммуналдық базарындағы еттің бағасына арызданып, қызу талқыға түсірген еді. Мәселенің мән жайын анықтау барысында бағаның не үшін қағаздағы бағаға сәйкес келмейтінін анықтадық, деп хабарлайды Сity04.kz.
Сәнкібай батыр даңғылында орналасқан "Табыс" коммуналдық базарындағы ет өнімін сатып алушылар тарапынан шағым түскен-ді.
Ет өнімін базар сөресінде 1350 тг деген жазумен қойған сатушы бағаны тек әкімшілік үшін қоятындығын айтқан. Яғни, сатып алушы сөреде көрсетілген баға бойынша емес, сатушы айтқан едәуір жоғары баға бойынша сатып алуы керек екен.
Мәселенің жағдайын нақтылау үшін "Табыс" коммуналдық базарына жөнелдік. Сатып алушы ретінде қойылған сұраққа ет сатушы сөредегі көрсетілген бағаны емес "өз" бағасын ұсынды.
"Не үшін баға сәйкес емес" деген сұраққа "ол басқа ет, сіз сұрап тұрған еттің бағасы сапасына қарай қымбат" деген жауапты естідік.
Әр сатушының әр түрлі қойған бағасының себебін білу үшін базар әкімшілігіне жолықтық.
Сатушылардың өз бетімен бағаны жоғарлатқанынан бейхабар базар басшылығы бұндай жағдай орын алғанда жаза қолданылатындығын айтты.
Сатушылардың сатып алушылармен сөйлесу барысын видеоға түсірген едік. Сол дәлел арқылы сатушының бағаны жоғарылатып қоятындығы анықталып, әкімшілік алдында жауап алынды. Сол жерде сиыр етін сатушыға жаза ретінде қатаң түрде сөгіс берілді.
ТОЛЫҒЫРАҚ ЮТУБ ҚАНАЛЫМЫЗДА: ВИДЕО
Бұған дейін де аталмыш оқиға секілді бағаның жоғарлауына байланысты шағым түсіпті. 70 жасар сатушының шынымен өз еркімен бағаны жоғарлатқаны анықталып, жұмыстан шығарылған.
Ет өнімдері бойынша әкімгер Шашкиев Аман Хайрушевичтің айтуы бойынша барлық сиыр еті сөредегі көрсетілген 1350 теңге бойынша сатылуы тиіс.
Облыстық әкімдікке қарасты коммуналдық базарда орын алған бұл жағдай бойынша қандай бақылаулар жүргізілетіндігі жөнінде "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына хабарластық.