Бүгін «Жұбановтар әлемі» шығармашылық орталығында халық әртісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Нұрлан Абдуллиннің қайырымдылық концерті болып өтті, деп хабарлайды Сity04.kz.
Шараға облыс әкімі арнайы қатысып, "MAXIMUS" ЖШС директорлар үйлестіру кеңесінің төрағасы, кәсіпкер Амангелді Мәйтеков көп балалы, толық емес отбасы, және мүгедек бала асырап отырған 5 отбасыға 1 және 2 бөлмелі пәтер кілтін табыстады.
Қайырымдылық шарадан түскен қаражат мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға берілмек.
Баспанаға ие болғандардың ішінде мүгедек қызын бағып отырған Қожабекова Күмісай да "қызының армандарының бірі" орындалғанын айтты.
Көптен күткен баспаналарының кілтін табыстау рәсімінен кейін "Жұбановтар әлемінің" сахнасы төріне белгілі әнші Нұрлан Абдуллин жиналған қауымға ән шырқап көңілдерін көтерді.
Ақтөбе өңіріне жиі келіп тұратындығын айтқан Нұрлан мырза "Маған ыстық өңірде қайырымдылық концертін өткізуге келу үлкен қуаныш " деді.