"Аңсар" ақпараттық талдау орталығы ұйымдастыруымен өткен«Бабалар мұрасы – бізге аманат» зияткерлік сайысы өз мәресіне жетіп, жеңімпаз топқа бас жүлде 100 000 тг. табысталды, деп хабарлайды Сity04.kz.
Аталмыш сайыс 2019 жыл «Жастар жылы» деп жариялануына орай облыс әкімі бекіткен «Дін. Қоғам. Жастар» жобасы аясында өткізілді.
Сайысқа Ақтөбе қаласынан және де Қобда, Алға, Бестамақ аудандарынан 18-29 жас аралығындағы жастар қатысты.
Зияткерлік сайыстың негізгі мақсаты: дін мен дәстүрдің сабақтастығын, тіл мен тарихтың маңызын насихаттай отырып өскелең ұрпақтың бойында жат ағымға қарсы иммунитет қалыптастыру.
Тартысты ой додасының қорытындысында «Жетісу» тобы жеңімпаз атанып, 100 000 тг. иегері атанды.
Сайыс соңында қазылар алқасы «Бабалар мұрасы – бізге аманат» зияткерлік сайысының қоғам үшін, мемлекет үшін маңызын, бабаларымыздан қалған саф танымды түсініп, мән-мағынасына тұшынып, келешек буынға жеткізуде рөлін баса айтып, «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының ісіне береке тіледі. Ал жиналған озық ойлы жастарға күтер үміті мен артар сенімін жеткізді.
- Дәстүрі дінге байланған, мәдениеті терең, әр ғұрыптың артында үлкен философия жатқандығын тануда, танытуда үлес қосып, дәріптеуге атсалысқан қазылар алқасына, қатысушыларға, көрермендерге алғыс білдіреміз!- дейді "Аңсар" ақпараттық талдау орталығының ұйымдастырушылары.
«Бабалар мұрасы — бізге аманат» зияткерлік сайысы асыл дініміздің тұнығы мен дәстүріміздің түп-төркінін, тіліміз бен діліміздің, тарихымыз бен мәдениетіміздің тереңдігін таныуда сеп болып, білімді жастардың, ақыл айтар ағалардың ой жарыстырар, білім алмасар алаңы бола білді. Осы себептен де «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы «Бабалар мұрасы – бізге аманат» зияткерлік сайысын әрі қарай жалғастырмақ. Сайыс соңында «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы қазылар алқасы, қатысушылар мен көрермендерге арнап дастархан жайып, жиылғандар бір-бірімен жақын танысып, «қазақ танымын танытар бұндай сайыс көптеп болса» деген тілектерін жеткізіп, әсерлерімен бөлісті.