Жазда той қыза түседі. Жас жұбайлар мен ата-аналары абыр-сабыр, қызу дайындық үстінде болады, ал мейрамхана мен кафелерде күнде дерлік мереке. Мінсіз тойды армандаймыз ғой. Десе де, асығыс, уайым, қобалжу үстінде кемшіліктер де болып жатады, бірақ оның алдын алуға болады, Сity04.kztengrinews.kz сілтеме жасай.
Еліміздегі ивент-орталықтардың бірінің басшысы Рустам Мамкенов той жасағанда ең бастысы неге назар аудару керектігін айтып берді. Маманның айтуынша, тойдың сәтті өтуі асабаға 70 пайыз байланысты. Сонымен қатар, мейрамхана мен той бағдарламасына баса назар аудару керек.
Мейрамхана таңдауы да оңайға түспесі анық. Атын брендке айналдыра алғандар адам басына орынның бағасын шарықтатып тастауы мүмкін. Ал көрсеткен қызметі ақшасын ақтай да алмай қалады.
Тойды ұйымдастырумен әдетте event-компания айналысады немесе той иелері өзінің туыстарын жауапты ретінде қояды.
- Той-томалақ ұйымдастыру орталығының көмегіне жүгінсе, олар мерекенің ойдағыдай өтуіне бастан-аяқ жауапты болады. Олар ненің қашан берілуі керектігін (ас, торт, тойбастар) дәл біледі, DJ материалдарын тапсырып, барлық әртіс уақтылы келгенін қадағалайды, іс-шараңыздың сценариін жазып, хронометражын санайды, даяшылардың қызметі мен асүй және басқаларына бас-көз болады. Ал мұндай адамдарды жалдасама, әдетте дайындық және той өткізумен ата-ана немесе туыстары айналысады. Десе де жүйкені тоздырмай, уақытты үнемдеу үшін ұйымдастырушыларға жүгінген дұрыс деп ойлаймын, - дейді Рустам Мамкенов.
Отау құрып жатқан жас отбасыға айтылар тілек те, кеңес те көп. Әсіресе қазақ тойында туыстар мен жақын адамдар жылы лебіздерін білдіруден қашпайды. Дегенмен уақыт тапшы, көп сөзбен тойдың сәнін кетіріп алмаған маңызды.
Рустам Мамкенов қазіргі тойлардағы трендтерге де тоқталды.
- Қазіргі уақытта мейрамхананы безендіруден бастап, іс-шара бағдарламасын ойластырғанға дейін еуропалық стиль трендте. Тойда опера әншілерінің өнер көрсетуі, лимузиндерден бас тарту, неке қию рәсімін ерекше бір жерде, табиғат аясында өткізу көп кездеседі. Сондай-ақ, жастар жеңіл жазғы костюм мен көйлектерін киіп, тойларын демалыс орындарында өткізіп жүр. Видеороликтерге көп көңіл бөлінеді, яғни келген қонақтардың көңілін көтеріп, жағымды эмоция тудыру үшін креатив видео түсіреді, - дейді ивент-орталықтың басшысы.
Сондай-ақ, жас жұбайлар үйлену вальсіне көп көңіл бөледі, әдемі, әсерлі қойылым қоюға тырысады. Яғни қазір үйреншікті, бір-біріне ұқсас "қазақ тойы" бірте-бірте өзгеріп, барынша әдемі және ерекше іс-шараға айналып барады.