Ақтөбе облысы әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды Сity04.kz.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен ұйымдастырылған басқосуда ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Елеусінова мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның атқарған жұмысы туралы баяндама жасады.
Биыл сәуір, маусым айларында комиссия мүшелері Ойыл, Әйтеке би, Алға аудандары және Ақтөбе қаласындағы мемлекеттік мекемелерде орналасқан рәміздердің қолданылуы мен насихатталу жұмыстарына мониторинг жүргізген.
150-ден астам мемлекеттік органдар тексеріліп, мемлекеттік тудың жыртылуы, рәміздердің орналасу тәртібінің сақталмауы, насихаттау жоспары жасақталмағандығы, және стандартқа сай келмейтін мемлекеттік рәміздерді ауыстыру және жою бойынша комиссия құрылмағандығы, рәміздерді жою актілері мен оларды тіркеу журналдарының болмауы сынды 30-ға жуық түрлі кемшіліктер анықталған.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин аталған кемшіліктер бойынша аудан қала басшыларына қатаң ескерту беріп, қалыпқа келтіруді тапсырды.
Ақтөбе облысында орналастырылған Елтаңбалар саны 4000-ды құрайды. Алты ай ішінде ауыстырылған елтаңбалар саны – 686. Ақтөбе облысы әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия талапты сақтамағандарға 126 мың 250 теңге көлемінде айыппұл салуға құқылы. Дегенмен осы уақытқа дейін бірде-бір мекемеге айыппұл салынбаған.