Бюджеттік жобаларда отандық материалдардың үлесін 2022 жылға қарай 90 пайызға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды City04.kz.
- Өткен жылы қазақстандық қамту үлесін арттыру үшін нормативтік құқықтық актілерге барлық қажетті өзгерістер енгізілді. Отандық тауар өндірушілердің электрондық тізілімі жасалды, Жобалау-сметалық құжаттамада орындалған жұмыстарды қабылдау кезінде материалдардың шығу тегін міндетті түрде көрсету бойынша талаптар енгізілді. Қабылданған нәтижелер бойынша бюджеттік жобаларда отандық материалдардың үлесін 2022 жылға қарай 90% - ға дейін ұлғайту жоспарлануда, - деді Жеңіс Қасымбек.
Бұдан бөлек ол Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына тоқталды.
- Бүгінде Арыс қаласын қалпына келтіру үшін барлық күштер жұмылдырылды. Қалпына келтіру жұмыстары жедел қарқынмен жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау жоспарланып отыр, - деді ол.