18+

Президент тапсырған заңнамадағы жаза күшейтіледі - министрлік

Министрлік браконьерлермен күресу үшін, заң жүзінде нақты қадамдарды қолға алады.

Браконьерлікпен күресті күшейту үшін қылмыстық заңнама күшейтілетін болады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Twitter-дегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Айта кетсек, кеше броконьерлер қолынан қаза тапқан Қаныш Нұртазиннің отбасына көңіл айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев броконьерлерге қолданылатын жазаны күшейтуді тапсырған болатын.

"Бүгінгі қайғылы оқиғадан соң, Президент тапсырмасына сәйкес қылмыстық заңнама күшейтіледі. Министрлік браконьерлермен күресу үшін, заң жүзінде нақты қадамдарды қолға алады. Мұндай орны толмас қайғылы оқиға қайталанбауы қажет. Сондай-ақ бір айдың ішінде "Охотзоопром" мекемесінің инспекторлары браконьерлермен күресу бойынша теориялық және практикалық арнайы оқудан өтетін болады", - деп жазды министр.

23 шілдеде инспекторлар Ақмола облысы Жарқайың ауданында табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандардың алдын алу шарасын жүргізу кезінде киік ату фактісін анықтаған. Заң бұзушылардың ізіне түскенде оларға Қостанай облысына тиесілі ақ түсті "Нива" маркалы автокөліктен (мемлекеттік нөмірі белгісіз) оқ атылып, екеуі қатты жарақат алған. Бірі - Қаныш Нұртазинов көп ұзамай көз жұмды. Оның артында 5 баласы қалды.

Экология министрлігі кеше қорықшының отбасына көңіл айтып, қажетті деңгейде материальдық көмек көрсетілетінін де мәлім еткен еді.