"Business Network 1.0" деген атау алған бизнес тренинг Ақтөбе қаласында табысты кәсіпкерлердің қолдауымен болып өтті, деп хабарлайды City04.kz.
Аталмыш жиынды қолдау мақсатында Дастан компаниясының директорлар одағының басшысы Айтжанов Асхат Абдрахманович келіп, бизнесті бастау турасында өз ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Оған қоса шара спикерлері қатарында "Ақтөбе Строй Эксперт" компаниясының директоры Жанбаков Жасталап Каупбаевич, "Лайк Центр Актобе", "SHOQAN AKTOBE" бизнестерінің иесі Зине Жұман Жүсіпұлы, "ArtLab" халықаралық сурет галереясының жетекшісі Деркач Марина Владимировна болды.
Тәжірибелі бизнесмендер кәсібін енді қолға алушылар мен кәсіптерін ашқан жандарға шынайы кеңестерімен бөлісіп, кәсіп ашу барысындағы қиындықтар турасында ақыл айтты.
Осы кәсіпкерлікті меңгеріп алған шет елдіктерден қалыс келе жатқан қазақ халқына осындай мүмкіндік туындап жатқаны көңіл қуантады. Әйтсе де қазақтардан кәсіпке икем шыға ма екен?
Жиында бизнес өкілдерінің тек жеке өз кәсібін ғана емес қоғамдағы рөлі жөнінде де әңгіме өрбіді. Қоғамдағы өкілдердің заман талабына сай емес іс-әрекеттерін шолып өткен спикерлер "әр нәрсені өзгерту үшін өзіңнен бастап өзгерт" дегенді алға тартты.
Жиналған жұртты осындай тәжірибелі спикерлермен таныстырған ұйымдастырушы Деркач Марина өз кезегінде кәсібімен таныстырып, сөз сөйлеушілер мен тыңдаушылар арасында қолайлы жағдай жасап берді. Оған қоса алдағы уақытта бұндай текті шара үзілмей жоспарлы түрде ұйымдастырылатындығын ескертіп өтті.
Ақнұр ҚУАНЫШ