Оңдасын Оразалин орталықты аралау барысында церебральді сал ауруымен, аутизммен, нейро-ортопедиялық патологиямен ауыратын балаларға арналған заманауи технологиялар және орталықтың алдағы жоспарларымен танысты, деп хабарлайды City04.kz.
2018 жылы жұмысын бастаған "Аяла" МКК балаларды оңалту орталығында БЦС, нейро, кардио, травмопатологиясы бар балаларға үздіксіз оңалту мүмкіндігін ұсынады. Бұл ретте мамандардың қызметі жан-жақты сипатқа ие және балалар мен олардың ата-аналарына бірыңғай оңалту кеңістігін құруға бағытталған. Орталық ғимаратының өзі балалардың шектеулі қабілеттерін ескере отырып салынған.
Мұнда айына 90 балаға амбулаториялық оңалту бөлімшесі, физиотерапия, жаттығу залы,бассейн, баланың миындағы клеткаларды оятуға, шартты рефлекстерді қайта қалыпқа келтіруге арналған сенсорлық бөлме, аллергияға қарсы иммунитетті дамытуға арналған тұзды шахта, монтесорри, дәлме-дәл қимылдарды дамытуға арналған «Девирта» - виртуалды дельфинотерапия кабинеті, логопед және сурдолог кабинеттері жұмыс істейді.