Ақтөбеге көне құлпытастар мен олардағы араб графикасымен жазылған мәтіндерді зерттеу мақсатында бір топ ғалымдар келді, деп хабарлайды Сity04.kz
Алматыдағы Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Дина Медерова бастап келген экспедициялық топ біздің өңірде Ақтөбе қаласы, Мұғалжар, Қобда, Байғанин, Алға, Қарғалы, Хромтау және Темір аудандарындағы көне қорымдарды аралайды.
Дина Медерованың айтуынша, далалық экспедициялық жұмыстар «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» ғылыми бағдарламасы аясында қолға алынып отыр. Біз құлпытастардағы мәтіндерге ғана емес, құлпытастардың түр-формаларына, олардағы көне таңбалар мен ою-өрнектерге, оларды жасаған шеберлер туралы мәліметтерге де барынша мән беріп, неғұрлым көбірек деректер жинастыруды мақсат тұтамыз. Жинақталған деректер зерттеліп, ғылыми айналымға енгізіледі.
Бұл іске жергілікті мамандар мен өлкетанушылар да тартылмақ. Солардың бірі — Бекарыстан Мырзабай.
— Ақтөбе жеріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді ондаған жылдар бойы зерттеп келе жатқан ғалым Серік Әжіғали біздің өңірден 50 мыңға жуық құлпытас мәтінін хатқа түсіріп алған. Бірақ ол деректер еш жерде жарияланған жоқ. Бір ғана Абат-Байтақ қорымында 260-тан астам көне құлпытас тұр. Өткен ғасырда қазақ әліпбиі үш рет өзгертілгендіктен, біз аталарымыздың құлпытасындағы жазуды оқи алмайтын халге жеттік. Енді сол жазулар «сөйлей» бастаса, талай адам өз ата-бабасының жатқан жерін анықтап, өз тамырына «жақындай» түсер еді, — дейді Бекарыстан Мырзабай.
Дәулет Керей