Сейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен аппарат отырысы өтті, деп хабарлайды City04.kz.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары мен селекторлық режимде қала және аудан басшылары қатысты. Басқосуда бірнеше мәселе талқыланды. Өңіріміздегі барлық мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау бойынша Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысы Нұржауған Қалауов баяндама жасады.
ҚР Президенті Әкімшілігі жыл сайын барлық мемлекеттік органдардың қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізеді. Аталған бағалаудың «Персоналды басқару» бағыты бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бағалайды. 2018 жылғы бағалаудың қорытындысы бойынша көрсеткіш 87,14 балл болған. Аппарат басшысы аталған бағалаудың межесін биыл 90 балдан асыру қажеттігін жеткізді. Ол үшін кадр құрамының тұрақтылығы яғни, бір мемлекеттік мекемеде 3 жылдан аса үздіксіз жұмыс жасаған мемлекеттік қызметшілердің санымен айқындалады.
Мәселен, биыл 2 рет алғаш қабылданған жылы мемлекеттік қызметтен кету жағдайы орын алды. Бұл жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшілерге тәлімгерлікті бекіту және бейімдеу жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмей жатқандығын көрсетуде. Гендерлік құрам бойынша басшы лауазымдардағы әйелдер үлесін арттыру қажет. Сондай-ақ, мемлекттік қызметшілерді оқыту,еңбек нормаларының сақталуы сынды талаптар бұлжытпай орындалған жағдайда жоғарыда көрсетілген межеге жетуге мүмкіндік бар.
Сонымен қатар, Нұржауған Қалауов Мемлекеттік органдардың жеке және заңды тұлғалармен байланысына тоқталды. Облыс әкімінің аппаратына 2019 жылдың 7 айында 2 521 өтініш келген. Түскен өтініштер сапасыз қаралғандықтан 68-сы қайталанған. Мерзімдерді бұза отырып қаралатын өтініштердің саны да артқан. 7 ай ішінде олардың саны 46-ға жеткен.