«Батыс» өңірлік қолбасшылығының қарамағына келген 2019 жылғы әскери оқу орнының 120-дан астам офицерлері мен кадеттері лауазымға тағайындалар алдындағы жиындарын өтуде, деп хабарлайды City04.kz.
Қазақстандық және шетелдік жоғары әскери оқу орындары мен Қорғаныс Министрлігінің Кадет Корпусын аяқтаған биылғы түлектер «Батыс» өңірілік қолбасшылығына жетіп, Ақтау қаласында алғашқы оқу жиындарынан өтуде. Он күндік жиынның барысында жас әскери қызметшілермен жауынгерлік даярлықтың негізгі пәндері бойынша сабақтар, әскери техника мен қару-жарақты қолдану, жеке құраммен жұмыс жасауды ұйымдастыру бойынша тренингтер өтуде.
Биылғы жылы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына 60-тан астам жас офицерлер мен 70-ке жуық жас сержанттар келіп қосылды, олар Ақтау, Ақтөбе және Атырау гарнизондарындағы әскери бөлімдері бойынша жолдама алды.
Жиын қортындыcы бойынша үздіктердің қатарында лейтенант Жұмағазиев Ердос (30238 әскери бөлімі, Актобе қ.) және лейтенант Ғалымзат Нұрислам (99116 әскери бөлімі, Бейнеу ауылы) көрінді. Шоқан Уалиханов атындағы Кадет Корпусының түлектері арасынан кіші сержант Әділет Серікбаев (41433 әскери бөлімі, Атырау қ.) көзге түсті. Олар тактикалық, дене және атыс дайындығынан жақсы нәтижелер көрсете білді. Сонымен қоса, жас офицерлердің арасында Қытай Халық Республикасында оқып келген түлектер де болды, жақын арада Түркиядағы «Гүлхане» Әскери-медициналық Академияда оқыған медицина қызметінің лейтенанттары келуі тиісті.