Алматыда үш адамды қасақана қаққан көліктердің екеуі де табылып, арнайы автотұраққа жеткізілді, деп хабарлайды City04.kz.
Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Тергеу басқармасының мәліметінше, ақ түсті «Toyota Camry» және қара түсті «Toyota Avensis» көліктері айғақзаттар ретінде алынып, ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабының 2-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық іс материалдарына тіркелді.
Алматының Гагарин көшесінде адамдарды қасақана қаққан күдіктілердің бірі 26 тамыз күні кешке ұсталған болатын. 1995 жылы туған азамат А. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 128-бабы тәртібінде уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ер адам қылмыс жасау кезінде ақ түсті «Toyota Camry» маркалы автокөлігін басқарған.
Естеріңізге салайық, 26 тамызда таңғы сағат 5-те Алматы қаласының Гагарин көшесінде арада болған жанжалдан кейін бір тараптың өкілдері өз қарсыластарын автомобильмен қасақана қағып, қылмыс орнынан бой тасалаған. Видео әлеуметтік желіде тарады.
Зардап шеккендердің денсаулығы туралы Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті.