18+

Ақтөбенің даму жоспары мен перспективалары талқыланды

28 тамыз күні Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллиннің өңір басшысының қатысуымен қаланың даму жоспары мен перспективалары туралы есеп беру жиыны өтті, деп хабарлайды City04.kz.

Басқосуға қала тұрғындары да келіп, көкейдегі сауалдарын жолдады. Мавр Абдуллин осы жылдың 7 айдағы экономикалық көрсеткіштерге тоқталды.

Мәселен, өнеркәсіп, өндірісінің көлемі – 338,9 млрд. теңге, өңдеу өнеркәсібі – 288,6 млрд. теңгені құраған. Инвестиция көлемі, ауылшаруашылық, құрылыс, тұрғын үй салу, кәсіпкерлік салаларындағы атқарылған жұмыстармен бөлісті. Ауыл шаруашылығында жалпы өнімінің көлемі 10,3 млрд. теңгені құраған.Құрылыс жұмыстарының көлемі 29,2 млрд. теңгені құраса, шағын және орта кәсіпкерлік саласында тіркелген субъектілер саны - 48,1 мың бірлік немесе 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3 %-ға жоғары екенін айтты.

Қала әкімі барлық сала бойынша алдағы үш жылға талдау жасаған. Қала экономикасын дамытуға 700,0 млрд. теңге инвестиция тартуды жоспарлайды Қазіргі таңда инвестициялық жобалардың тізімі жасақталды. Оның ішіне 6,6 мың жұмыс орынын ашатын жалпы құны 616,7 млрд.теңге болатын 48 ірі жобалар кірген."Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша соңғы үш жылда 41,8 млрд. теңгеге 388 мың м2 тұрғын үй берілген. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында қол жетімді баспана алуға 23,0 мың отбасы кезекте тұр.

Қалада 1801 көп қабатты тұрғын үй бар. Соның ішінде 17 үй апаттық және 500 ге жуығы ескі үйлер. Апаттық үйлердің жағдайларын шешу мақсатында инвесторлар тартылып, аталған жерлерде тұрғын үй комплексін салып, екінші деңгейлі пәтерлер сатып алу бойынша жұмыстары жүргізілуде. Ақтөбе қаласының «Жастар Құрылыс» Жаңақоныс ауданында 250 пәтерлі 5 көп қабатты тұрғын үй салу жоспарлады.

Сонымен қатар, 500ге жуық ескі үйлер 1960 жылға дейін қаламыздың Тұрғын үй қалашығы, Авиақалашық, Көне қала, Қарғалы ауылы секілді бөліктерінде тұрғызылған ескі ғимараттар. Апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлердің мәселесін шешу үшін Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес апатты үйлерді бұзу жобасын Ақтөбе қаласында енгізу бойынша, Үкіметке ұсыныс дайындалуда.

Мавр Абдуллин облыс әкіміне жоспарланған жұмыстарды жүзеге асыру үшін қыруар қаражаттың қажет екенін айтты. Абаттандыру жұмыстарын іске асыру үшін алдағы үш жылда 40,5 млрд.теңге қаражат, қалаға онға жуық қоқыс полигоны салыну керек.

Бір полигонның құрылысына 200,0 млн. теңге қажет болады. 2022 жылға дейін үш ауысымдық мектептерді жою үшін 15,6 млрд. теңгеге 6100 оқу орындықты құрайтын 9 мектеп және 8 жапсаржай салуды қажет етеді.Қалада жолаушылар тасымалымен 2 кәсіпорын айналысады. 52 бағыт бойынша 398 автобус тасымалдауы тиіс болғанмен автобустың жетіспеушілігінен 300 қоғамдық көлік қызмет көрсетуге мәжбүр.Келесі жылы «БРК-Лизинг» АҚ арқылы 40 дана жаңа автобуспен толықтырылады.

Облыс әкімі жоғарыда аталған бірқатар мәселелерге қатысты олардың орындалу барысына көңілі толмайтынын айтты.

- Жол мәселесі, тазалық, көгалдандыру жұмыстары нашар, қыруар қаражатқа ағаштар отырғызылғанмен оны суару мәселесі әлі күнге дейін бір жүйеге келтірілмеген.

Әлеуметтік желілерден үнемі байқағаным ақтөбеліктерді осы жол сапасы, қоғамдық көлік, тазалық мәселелері көптеп алаңдатады. Тұрғындардың өтініштерін қанағаттандыру бойынша нақты жұмыстар атқарыңыз,-деді облыс әкімі.

Жиын соңында тұрғындар сауалдарын жолдап,ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Жарықтандыру, өзен арналарын кеңейту мәселесі, қоғамдық көлік, аялдама, жол сапасының нашарлығына қатысты мәселелер көтерілді. Қала әкімі сауалдарға жауап беріп, бұл проблемалар кезең-кезеңімен шешілетіндігін жеткізді.