Сәрсенбі, 4 қыркүйек күні облыс әкімдігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауын талқылауға арналған облыстық активтің мәжілісі өтті, деп хабарлайды City04.kz.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен кеңейтілген актив жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Жайсаң Ахметов арнайы келіп қатысты.
Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелер басшылары, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, Ақтөбе қаласы және аудан әкімдері, еңбек ардагерлері, БАҚ, үкіметтік емес, этномәдени ұйымдар өкілдері мен жетекшілері, ақпараттық топ мүшелері қатысты.
Актив жұмысы барысында өңір басшысы Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басымдықтарға кеңінен тоқталып өтті.
Мәжіліс барысында облыстық зиялы қауым өкілдері атынан облыстық мәслихат депутаты А.Есіркепов, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ ректоры Б.Ердембеков, «Батыс Қазақстан медиация және келіссөздер орталығы» жеке мекемесінің басшысы, медиатор А.Куртаева, Ырғыз ауданының «Наурыз-Сим» ЖШС директоры И. Сәрсенбаев, «МДҰ-Балақай» ЖШС, Ақтөбе қаласы және Ақтөбе облысындағы мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығының төрағасы Н.Каюдина, дәрігер-невропатолог Ә.Демеуова, «Ер Бақыт» спорттық-патриоттық клубы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ауған соғысының ардагері М.Қойлыбаевтар баяндама жасады.
Облыс әкімі О.Оразалин актив мәжілісі барысында залда жиналғандар тарапынан түскен бірқатар сұрақтарға жауап беріп, Жолдаудағы басымдықтарды іске асыру бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.