Сенат бюросының алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды Сity04.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров сенаторлардың өңірлерге сапарлары туралы хабардар етті. Депутаттар еліміздің барлық облыстарының ірі елді мекендерін, сондай-ақ шалғай ауылдарды да аралады.
Сенаторлар Арыс қаласын қалпына келтіру, көп балалы аналарға, аз қамтамасыз етілген отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселелерін көтерді.
Парламент жоғарғы палатасының басшысы Дариға Назарбаева күзде негізгі заң жобасы республикалық бюджет туралы заң жобасы болатынын атап өтті.
Сенат қызметін одан әрі автоматтандыру туралы айта келіп, Парламенттің жоғарғы палатасының басшысы әріптестерін ақпараттық мүмкіндіктерді белсенді пайдалануға және электронды форматта жұмыс істеуге көшуге шақырды. Сенат басшысының тапсырмасы бойынша Сенаттың ресми сайты жаңғыртылды. Ол азаматтармен, мәслихаттармен және аймақтармен өзара байланыс орнатуға бағытталған.
Сенат төрағасы отырысты қорытындылай келіп, Мемлекет басшысы белгілеген билік теңдеуі – «Қуатты Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» толық көлемде жұмыс істеуі үшін депутаттар барлық шараларды қабылдауы тиіс екенін атап өтті.
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті 27 қыркүйекте өтетін «Заң шығару үдерістерін одан әрі жетілдіру» тақырыбы бойынша парламенттік тыңдауларға дайындық жұмыстарымен айналысатын болды. Сенат басшысы парламенттік тыңдаулардың сипатын өзгертуге шақырды.
Бюро мүшелері шараның нәтижелі болуы үшін бірқатар ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, көкейкесті мәселелерді көтеру, жұртшылық өкілдері мен сарапшыларды парламенттік тыңдауларға шақыру, құқық қолдану тәжірибесіне баса назар аудару ұсынылды.