Облыстық мемлекеттік қызмет істері Департаментінің басшылығы Ә. Бәйменовтың Агенттіктің құрылуына сіңірген орасан зор еңбегі мен тәжірибесін ескере отырып, өңірлік мемлекеттік қызметшілермен кездесуін ұйымдастырды.
Әлихан Мұхамедияұлымен кездесуге келген мемлекеттік қызметшілер мүмкіндікті қалт жібермей, мемлекеттік аппараттың ауысымдылығы, мемлекеттік қызметшілерге жалақы төлеудің жаңа жүйесі, Президенттік жастар кадрлық резервінің тиімділігі және дамыған елдердің мемлекеттік жүйедегі тәжірибесі жөнінде толғандырған сұрақтарын қойды.
Іс-шара барысында жоғарыда аталған тақырыптар бойынша тартымды әңгімелердің тиегі ағытылып, көкейкесті мәселелер төңірегінде ой-пікірлер айтылды.
Әсіресе, мемлекеттік қызметшілердің имиджі, келбеті және өзін-өзі ұстауы туралы мәселелер талқыға түсті.
«Мемлекеттік басқаруды футболмен теңеуге болады. Біз әрқайсымыз футболды түсінеміз деп ойлаймыз, футболшыларды сынаймыз. Мемлекеттік басқару да сол секілді. Әр азамат мемлекеттік басқарудың тетігін біледі. Бұл сіздер, яғни мемлекеттік қызметшілер үшін үлкен сынақ. Соған сіздер дайын болуларыңыз керек. Біздің талабымыз мемлекеттік қызметшінің өскелең қоғамға сәйкес алда жүруі. Заң жаман болып, мемлекеттік қызметші жақсы болса, мемлекетті басқаруға болады, ал мемлекеттік қызметші нашар болса, жақсы Заң көмектеспейді», - деді Әлихан Бәйменов.