18+

Сенат төрағасымен кездесу

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Ақтөбе облысына іс-сапармен келді, деп хабарлайды City04.kz.

 7 қазан күні ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева бір топ сенаторлармен бірге Ақтөбе облысына арнайы іссапармен келді. Өңірге жасаған жұмыс сапары барысында облыстық, қалалық мәслихат депутаттарымен және қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті.

Кездесу барысында Сенат Төрағасы Ақтөбеде соңғы рет он бес жыл бұрын болғанын, сол уақыт аралығында қаланың айтарлықтай дамып, өсіп-өркендегенін айтып өтті.

Сонымен қатар, Сенат басшысы депутаттарды мәслихаттардың құрылғанына 25 жыл толуымен құттықтады. Дариға Назарбаеваның айтуынша, аймақтық өкілетті органдар жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінде маңызды рөл атқарады.

Өңірлермен ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру үшін Сенатта жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылды. Кеңес мәслихаттардың рөлін одан әрі нығайту, мәслихат хатшысының мәртебесін арттыру, сондай-ақ босатылған депутаттар институтын енгізу жөнінде үкімет үшін ұсынымдар пакетін дайындады.

Осының барлығы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға енгізілген түзетулерде көрсетілген. Дариға Назарбаева жиында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын осы құжатты талқылауға белсенді қатысуға шақырды.

Кездесуде Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы Сәния Қалдығұлова облыстық мәслихаттың жыл бойы атқарған жұмыстарын баяндады. Мәслихат депутаттары Сенат Төрағасына облыстың әлеуметтік-экономикалық дамыту бағытындағы түрлі саладағы ұсыныстарын жеткізіп, тұшымды жауаптарын алды.

Сенат төрағасы жақын арадағы Мәскеуге жасайтын іссапары барысында облыстық мәслихат депутаттарынан түскен өткір мәселелерге назар аударып, Ресей Федерациясы мен Ақтөбе облысы арасындағы Жайсаң шекара қызметіне қатысты түйіткілдің шешілуіне атсалысатынын жеткізді.

Атап өтейік, Жайсаң шекара бекетінен өтетін азаматтар РФ тарапынан кептеліс мәселесінен қиындықтарға тап болуда.

Шекара бекетінде азаматтарға дұрыс жағдайдың жасалмауынан сағаттап тұру жағдайы әсіресе сал ауруына шалдыққан тұрғындарға қиындық туғызып отыр.Сенат Төрағасы мәслихат жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу барысында да қоғамдық кеңес жұмыстарын арттыру қажеттігін айтты.

- Қазіргі таңда қоғамдық кеңестің алатын орны ерекше. Ел азаматтары Қоғамдық кеңес мүшелеріне сенім білдіріп, нақты өңірдің тұрғындарын толғандыратын аса өзекті мәселелерді талқылауға белсенді түрде қатысуы тиіс. Халықпен жұмыс жасаудың жаңа форматтары қажет.

Жұртшылықтың қатысуымен көшпелі отырыстар өткізіп, сондай-ақ қызметін ресми сайттарда ғана емес, әлеуметтік желілерде де кеңінен жариялау қажет. Бұл жұмыстар формальды немесе қағазға түртіп қою үшін ғана емес, нақты жүзеге асырылуы тиіс, - деп атап өтті Д.Назарбаева.