Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының кезекті жаңа қойылымының премьерасына орай БАҚ өкілдерімен пресс-конференция болып өтті, деп хабарлайды City04.kz.
Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының қазақ труппасы «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында М.Әуезовтың «Бекет» пьесасының желісі бойынша «Ерназар-Бекет» драма – дастан қойылымын сахналайды. Қойылым режиссері Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрынан шақырылған Қанафин Фархадбек.
ХІХ ғасырда патша үкіметінің қазақ жеріндегі отаршылдық саясаты шарықтау шегіне жетті. Аталған саясаттың қол шоқпарына айналған жергілікті кейбір сұлтандар елді титықтырған жарлықтар шығарып, бұл өз кезегінде халық наразылығын туғызып, жер-жерде бас көтеруіне әкеліп соқтырды. Есет Көтібарұлы бастаған көтерілістің Шектілер жасағының құрамында шайқасқан Ерназар мен Бекет батырлар халық мұңы мен ел зары жолында қайта атқа қонады. Бойларын намыс оты жанып, ат ойнатып, Арыстан сұлтанға қарсы шыққан қос батырдың тағдыр талайы қалай өрбімек?
Бұны сахна төрінде өнер көрсететін әртістер қойылымдарымен көрермен жүрегіне бойлай, санасына жеткізіп тұрып түсіндірмек. Қапы қалмаңыз қойылымның премьерасы а.ж. 9-шы; 11-ші және 12-ші қазанында сағ.19.00-де өтеді.
Айта кетейік, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының режиссері Қанафин Фархадбектің сахналауымен М.Әуезовтың «Бекет» пьесасының желісі бойынша «Ерназар-Бекет» драма - дастаны республика бойынша Ақтөбе өңірінде алғаш тұсауы кесілгелі отыр.