Бүгін облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен аппарат отырысы өтті, деп хабарлайды City04.kz.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары, қала әкімі, селекторлық режимде аудан әкімдері қатысты. Күн тәртібінде үш мәселе қаралды.
Облыс әкімдігінің аппарат басшысы Нұржауған Қалауов осы жылдың 9 қыркүйегі мен 9 қазан аралығындағы атқарушылық тәртіптің жай-күйі туралы баяндады.Аймақ басшысының жұмыс сапарлары барысында берген 152 тапсырманың барлығы орындалған.
Дегенмен, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасына жүктелген тапсырма алты күнге мерзімнен кешіккен. Бұған басшылардың құжатпен уақытылы таныспайтындығы себеп.Аппарат басшысы сондай-ақ, құжаттарды мемлекеттік тілде, әрі сапалы дайындау мәселесіне қатысты сын-ескертпелер жасады.
Жиында көтерілген екінші мәселе бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов қар басатын жол бөліктерінде орман екпелерін отырғызу мәселесіне тоқталды. Айтуынша облыстың автомобиль жолдарында ұзындығы 987 шақырымды құрайтын 154 қар басатын орындар бар. Оның 65-і республикалық, 25-і облыстық, және 64-і аудандық.
Автомобиль жолдарын қар құрсауынан орман жолақтары арқылы да қорғалуы тиіс. Алайда орман жолақтары 1970 жылдары отырғызылғандықтан, қарды ұстап тұруға қауқарсыз, әрі ағаш екпелерінің қатары дала өрттерінің салдарынан сиреген.Күзгі далалық жұмыстардың нәтижесі жайында ауылшаруашылық басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай баяндады.
Биыл ауылшаруашылығы дақылдарымен егіс көлемі 788,3 мың га құрады, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 34,2 мың га артық. Дақылдардың барлық түрлері бойынша өсу бар. Барлығы 457,3 мың га шабылып, 8,3 ц/га орташа өнімділікпен 380,0 мың тонна астық өнім жиналды. 4601 га көкөніс дақылдары жиналып, 205,3 ц/га өнімділікпен 94454 тонна өнім, 1272 га бақша дақылдары жиналып, 189,4 ц/га өнімділікпен 24086 тонна өнім, 6280 га картоп жиналып, 187,4 ц/га өнімділікпен 117630 тонна өнім жиналды. 15 121 га майлы дақыл жиналды, 4,4 ц/га өнімділікпен 6 702 тонна өнім алынды.
Күзгі далалық жұмыстарды жүргізуге облыс шаруашылықтарына 8,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген.Ауылшарушылық басқармасының басшысы аудан әкімдіктері нің жаңа техникалар сатып алу, субсидия төлеу, Республика бойынша Ақтөбе өңірінде дизель бағасы төмен болғанмен оны тасып алу жұмыстарының тым баяу деңгейде жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
Оңдасын Оразалин аталған мәселелер бойынша аудан әкімдеріне жұмысты жандандыру қажеттігін, жанар-жағар май бағасы қымбаттамай тұрып, қазан айының соңына дейін тасымалдап алу жұмыстарын белсенді жүргізуді тапсырды.