Ол адамды қорқытып-үркітудің, қыспаққа алудың қандай түрі болса, соның бәрі өзіне қолданылғанын айтты.
2004 жылы Superstar байқауына қатысып, мәреге жетіп, соңғы сәтте Алмас Кішкенбаевпен бақ сынасқан әнші Роман Ким сол кезде басынан өткен сұмдық жайды жайып салды. Ол өзін қорқытып, шоу-бизнестегі бүкіл жолын жапқан адамдар ақыры өзін елден кетуге мәжбүрлегінін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz "Если честно" бағдарламасына сілтеме жасап.
- Әр саланың жазылмаған заңы, одан соң өзін-өзі сайлап алған серкесі болады. Өкінішке қарай, бізде де солай. Мен, негізі Қазақстанда танымал әнші болушы едім. Бірақ мені сыйдыртпады, Қазақстаннан кетуіме итермеледі. Мен теміртаулықпын, мінезім бар адамым ғой. Көне қоймадым оңайшылықпен оларға. Әсіресе, ту сыртыңнан әрекет жасағанда, әрине наразы боласың. Мысалы, сенің келісіміңсіз бір келісімшарттар жасап дегендей. Менің аяқ-астынан жоқ болып кетуіме осындай нәрселер себеп болды. Яғни, шетелге кету – менің арманым болған жоқ. Еріксіз кеттім онда мен, - дейді Роман Ким.
Ол адамды қорқытып-үркітудің, қыспаққа алудың қандай түрі болса, соның бәрі өзіне қолданылғанын айтты.
"Одан соң мен туралы жалған алып-қашпа сөздер, өсектер шықты. Көлік апатынан қайтыс болыпты деді. Ол бер жағы. Тіпті, менің атымнан, шешемнің атынан өтірік сұқбат ұйымдастырғандар болды. Мысалы, қарағандылық басылымда мынандай мақала шықты. Менің анам облысты айыптайды, өйткені ол дұрыс дауыс бермеген, қазақ болмағаны үшін деп. Құдай-ау, миға сыймайтын нәрсе. Мен екі ұлттың баласымын. Мен сондай ақылға сыйымсыз мақалаларды жазған адамға Грэмми сыйлығын ұсынар едім. Мысалы үшін Интернетті қарап отырып, анам екеуміз түскен суретті көрдім, шетіне қара лента тағып қойған. Ол арада менің Алматыдағы концертке бара жатып жол-көлік апатынан қайтыс болғаным туралы жазылады. Расында, ол концерт өтпей қалды. Бірақ оның себебін ешкім түсіндірмеді. Менің өзіме де. Телерадиоларға шығуыма жол мүлде жабық болды", - дейді өткенін еске алған өнер адамы.
- Superstar-2004 байқауы, финалда Алмас Кішкенбаев екеуін қалдыңдар, І-орын Алмас Кішкенбаевқа бұйырды. Бірақ бұл даулы еді, ел арасында: "Егер Роман қазақ болса, І-орын соған бұйырар еді" деп жатты. Жәрайды, сонымен байқау аяқталды, сенің рейтингің шарықтап тұр, сол кезде саған келісімшарт ұсынылады, бірақ сен одан бас тартасың, бар әңгіме осы арадан басталады ғой - журналист.
- Рас, әңгіме сол жобаның ортасынан басталды. Шынын айтқанда, егересті олар. Қазақстанда да, Ресейде де жұмыс істеуіңе мұрша бермейміз деді. Айтқан сөздерінде тұрды. Алдын ала жоспарланған концерттерден мені алып тастап отырды, оның себебін маған ешкім түсіндіріп жатпады. Іштей біліп тұрмын ғой, әрине себебін. Сондықтан маған ән дискісін шығару өте қиынға соқты. Шынымды айтсам, содан біреу де өзімде қалмапты қазір. Оның басым бөлігі Еуропада сатылды. Ол кезде мені келісімшартқа отырып, шетелге кетіп қалды деп жариялады. Бұл ресми мәлімдеме болатын. Ал шынында мен шоу-бизнестегі қысымға төтеп бере алмай, қашып кеткен едім. Олар керемет ықпалды адамдар деп айта алмаймын, бірақ мені мәжбүрлеуге олардың шамасы жетті. Өйткені мен сол жобаның ең үздік жұлдызы едім ғой. Менің рейтингім ол кезде мықты болды.
- Сені сабап кетті деген сөздер де болды, расында олар саған қол жұмсады ма?
- Бәрі болды, бірақ мен әр сүріндірген сайын тұрып өз жұмысымды жасай бердім түк болмағандай. Ал концертіңді болдырмай, бүкіл жолды жапқанда ары қарай күресудің не маңызы бар... Мен ата-анамның денсаулығы үшін қорықтым. Олар бәрін біліп отырды маған қатысты не болып жатқанын. Сол үшін де кеттім елден, бір жағынан. Карьера, атақтың жанында маған әке-шешемнің денсаулығы әлдеқайда маңызды болды.
Мен Суперстарда жеңбей қалдым деп өкінген жоқпын, керісінше ол жоба маған керемет танымалдылық әкелді. Енді, міне мен жұлдызбын деп қадам жасаймын дегенде, бәрі жүгірді, бәрін тоқтатып салды...
Сұқбаттың толық нұсқасын төмендегі видеодан тамашалай аласыздар.