Ақтөбе облысында ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттік жанындағы республикалық арнайы бақылау тобы жұмыс жасайды. Бүгін топ мүшелері облыс активімен кездесті, деп хабарлайды City04.kz.
Кездесу өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өтіп, оған басқарма, департамент, аудандар мен Ақтөбе қаласы әкімдігі аппараттарының басшылары, облыстық мәслихат депутаттары қатысты.
Оңдасын Оразалин Мемлекет басшысының жолдауына сәйкес өңірде құқықтық сауаттылықты арттыру, халық арасында адалдық пен парасаттылық қағидаларын нығайту жұмыстары жүргізілетін «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары жұмыс жасайтынын айтты, колледждер мен жоғары оқу орындарында 42 парасаттылық мектептері ашылған.
ҚР Сыбайас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс департаментінің басшысы Арман Бердалиннің сөзінше, топ мүшелерінің өңірлерге жұмыс сапарының негізгі мақсаты – халықпен, мемлекеттік қызметкерлермен және басқа да мақсатты топ өкілдерімен кездесу және олармен өзекті сұрақтарды талқылау, мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасының тиімділігімен танысу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын насихаттау.
Қоғам қайраткері, республикалық АБТ мүшесі Ырза Тұрсынзада өскелең ұрпаққа салт-дәстүрге негізделген рухани тәрбие беру жұмыстарын күшейтіп, жастарға адалдық, парасаттылық, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қағидаларын сіңіру, сонымен қатар, мемлекетке адал қызмет ету үлгілерін көрсете отыра, халық арасында алдын алу жұмыстарына ерекше көңіл аудару керек деп санайды.
Жұмыс бағдарламасы аясында республикалық АБТ мүшелері «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмыстарымен танысты, колледждер мен ЖОО студенттерімен, өңір тұрғындарымен кездесті.