Экс-министр түрмеде жалғыздық жанына қатты батып кеткенін айтады. Өйткені ол жалғыз адам отыратын камераға тоғытылыпты.
Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі, медицина ғылымдарының докторы, ҚР МҒА академигі Жақсылық Досқалиев түрмедегі кездерін, сол сәттегі қиыншылығын баяндап, оны қорлық әрі сынақ ретінде қабылдағанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Мен сегіз ай түрмеде отырдым. Жалғыз өзім бір камерада отырдым. Түсінесіз бе? Сол жалғыздық маған өтіп кетті, жаныма қатты батты. Торғайлармен сөйлесетін болды, тіпті кейбір сөздерді ұмытып қалдым. Қорлық деуге де болады, адам басына түскен сын деуге де болады. Ең жаманы сол жалғыздық болды. Қазақ бекер айтпаған: "Жалғыздың үні шықпас" деп. Мен оны солай түсіндім.Бір күн өмірі болса да адам алға жылжуы керек. Жақсы жаққа жылжуы керек деп ойлаймын. Өмір ұзақ емес, "Қамшының сабындай қысқа" деп қазақ айтады ғой. Сондықтан әр күніңді адами, адам болып өмір сүрген дұрыс деп ойлаймын", - дейді ол Қазақстан телеарнасының "Тұлға" бағдарламасындағы өзі жайлы хабарда.
"50-ден асқан шағы екен. Сонша еңбек етіп келіп, торға қамалып қалғаннан асқан зорлық жоқ шығар. Жақсылық Ақмырзаұлы тап сол кезде төсекке танылып қалды. Инсульт алды. Борйдағы ерік пен жігер көп күттірген жоқ, көп ұзамай азаматты аяғынан тік тұрғызды. Қастық қылғандар табалады. Тек азаматтың біліктілігіне кір келтіре алмады", - дейді телеарна тілшісі.
"Қиындық кезінде қасынды болдық. Өзгертті. Жалпы, өмірге көзқарасы өзгерді. Көрінген адамға сенбейді. Маған да: "Ешкімге сенуге болмайды бұл заманда" деп достық ақылын айтады. Осы уақытқа дейін ол кісі көп шаруа істеді. Кезінде локороскапия отасын осы жаққа енгізген сол кісі. Транспланталогия мәселесін де бастап көтерген сол. Еліміз алға шықсын деп ұмтылатын әрдайым", - дейді дәрігердің жан досы Рақымжан Арыстан.
- Жақсылық Ақмырзаұлы досым көп деп айта алмаймын деді. Басына күн түскенде өтірік мақтап, жалған қасында жүргендердің кім екені белгілі болған. Көбісі ат тондарын ала қашқан. Ол дұрыс та болған шығар деп ойлайды ол кісі. Мықты дәрігер алты айлық немересінің өміріне араша түсе алмаған. Бұл да ол кісіге ауыр соққы болып тиген. Бірақ ол жараның орыны бүгіндері жамалып, Жақсылық аға өзінің бақытты адам екенін айтады, - дейді телеарна тілшісі.
"Баламның үшемі дүниеге келді. Екі ұл, бір қыз. Аман-есен дүниеге келгенде, қатты қуандым. Ондай қуаныш менің өмірімде болған емес. Тіпті, ондай бақыт екінің бірінің басына тумайды да. Сол үшеуі дүниеге келгенде біздің дүниеміздің барлығы өзгеріп кетті. Қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздады. Қазір солардың "концертін" тамашалап отырамыз сырттай. Міне, бақыт деген осы", - дейді Жақсылық Досқалиев.