«Сіздің тамаша қызметіңіз үшін рахмет!».
Осындай сөздермен БҰҰ-ның инспекциялық тобы қазақстандық жиынтық бітімгершілік ротасының бітімгершілік базасын тексеруді аяқтады, деп хабарлайды City04.kz.
Ливандағы қазақстандықтардың бітімгершілік базасына «БҰҰ бөлімшелері дайындығын жалпы тексеру» инспекциялық тобы барды.
Инспекцияның басты мақсаты қару-жарақ пен әскери технианы, байланыс құралдарын, оптикалық көздегішті, ротаның барлық мүліктерінің дұрыстығын тексеру, сонымен қатар санитариялық- гигиеналық норманы сақтау болып табылады. Тексерістің нәтижесі бойынша барлық үнділік батальонның ішінен екінші жиынтық бітімгершілік ротасын жақсы жағынан атап өтті. Екінші қазақстандық бітімгершілік ротасы «Үнді батальонының құрамында қазақстандық бітімгершілік контингентін өрістету тәртібі туралы» Қазақстан мен Үндістан Үкіметі арасындағы өзара түсіністік туралы келісімге сәйкес «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» миссиясына қатысады. Миссияда болған кезеңде "кәсіби бітімгершілік" мәртебесін өзіне бекітті.