18+

Оңдасын Оразалин аудан әкімдеріне тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуды тапсырды

Бейсенбі күні аймақ басшысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы 5 қабатты 90 пәтерлі тұрғын үйдің қайта жаңарту жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды City04.kz.

Ауданда 1341 азамат баспана кезегінде тұр. Жаңартылған ғимарат баспана кезегіндегі көп балалы отбасыларға, мүгедек, ауған соғысы ардагерлеріне беріледі.
Облыс әкімі жаңадан салынып жатқан саябақтың құрылысын,  Қандыағаш қаласындағы көп қабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру, көшелердің жай- күйін, және кәріз жүйелерін салу жұмыстарымен танысты. 110 ауланың 25 ауласына ЖСҚ жасалып мемлекеттік сараптамадан өткен. 3 ауланың жөнделуіне облыстық бюджеттен қаржы бөлінген.


Сондай-ақ, Байғанин, Теміржолшылар, Қалиев және Жұбановтар көшесіндегі  кәріз жүйелеріне жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарын көрді.Ұзындығы 6,2 шақырым болатын кәріз құрылысы толық аяқталса 334 тұрғын үй, 7 әлеуметтік нысан кәріз жүйесімен қамтылады. Облыстық маңызы бар қалаларды абаттандыру негізінде құны 237,8 млн теңге болатын саябақ салынуда. Тұрғындардың демалып, серуендеуіне арналған жаңа нысан 2020 жылы аяқталады деген жоспар бар.  Сейфуллин, Жұмағалиев көшелері орташа жөндеуден өтіп жатыр.   Аталған көшелердегі жөндеу келесі жылы аяқталады. 
    Оңдасын Оразалин  бұдан соң Басшилі ауылына ат басын бұрды.Мұнда газ құбыры іске қосылды. Өңір басшысы ауыл тұрғындарын көптен күткен қуанышты күндерімен құттықтады.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда  басымдықты  әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағыттағаны анық. Ауданда  59 372 адам немесе 88,3% көгілдір отынмен қамтылып отыр.Биылдың  өзінде Басшилі, Темір-көпір ауылдарына  газ берілді. Халықты газбен қамту жұмыстарына  ауқымды қаржы қажет болса да, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстардың саны артпақ.

Мәселен  3 жылдың өзінде Жұрын-Қаракөл, Мұғалжар ауылдарына жеткізуші газ құбырын және ауылішілік газ бөлу желілерін  салу жоспарланған,- деді Оңдасын Оразалин.

Көмір жағудан біржола арылған ауыл тұрғындары облыс әкіміне разылықтарын жеткізді.Аймақ басшысы бұдан соң Сағашилі ауылындағы  “Ramco Holding" ЖШС аз тонналы мұнай өңдеу зауытының жұмысымен танысты.145 азаматты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын дизельдік отын, мазут, жеңіл және орташа мұнай дистипляттарын өндіреді.Қуаттылығы жылына 96  мың тонна.Шығарылған өнім елімізден өзге ТМД елдеріне экспортталады. Өңір басшысы карантиндік экспуатациялау алаңында болды. "ҚазАгроӨнім" АҚ меншігіндегі алаңды қой бордақылаумен айналысатын "Арман-М" ШҚ меншігіне алуды жоспарлайды. ШҚ басшысы  Қазыбек Әлішов облыс әкіміне "Қарапайым заттар экономикасы" мемлекеттік бағдарламасы негізінде қолға алған жұмыстарын  айтып өтті. Кәсіпкер  Талдысай ауылындағы 3 мың бас мал бордақылау алаңы жұмысымен таныстырды.Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ІҚМ және мал азығын сатып алу үшін 155 млн.теңге субсидиялау және кепілдендіру  түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілген. Талдысай ауылдық округі аумағының өзінде 33 шаруақожалық, 2 өндірістік кооператив жұмыс жасайды.Ауданда жыл санап шаруа қожалықтар саны артып,бос жұмыс орындары ашылған.

Өңір басшысы осы ауылдағы  Талдысай жалпы орта мектебін аралады. 95 бала білім алып жатқан мектеп ғимараты 1967 жылы бой көтерген. Орнына  жаңа 100 орындық  білім ошағын салу үшін басқа аумақтан жер бөлініп жобасы әзірленген. Оңдасын Оразалин Мұғалжар ауданының әкіміне келесі жылы жаңа мектептің құрылысын бастау шарасын ыждағаттап қолға алу керектігін айтты.Сондай-ақ, облыс әкімі мектеп кітапханасына жеке кітап қорынан әдеби оқулықтарды сыйға тартты.  
Аймақ басшысы  Мұғалжар ауданына жасаған жұмыс сапары соңында аудан әкімі Асқар Шерияздановқа құрылысы аяқталмаған нысандардың жұмысын уақытылы әрі сапалы аяқтауды, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсіндіріп кәсіппен айналысуға шақыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Облыс әкімінің жұмыс сапары Темір ауданында жалғасты. Ақсай ауылындағы "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша 2016 жылы салынған су мұнарасының жұмысымен танысты. Құбыр арқылы  800 ден астам тұрғын үй таза ауыз сумен қамтылды.
Облыс әкімі сондай-ақ, Нұрпейіс Байғанин атындағы  мектеп балабақшасын аралады. Мектепте 105 бала білім алады. 1981 жылы салынған нысанға 2016 жылы 53 млн тг бөлініп, күрделі жөндеуден өтті.   Аймақ басшысы бұл білім ошағының кітапханасына да жеке кітап қорынан оқулықтар тарту етті. Мектеп ішінде орналасқан 50 орындық балабақшада 28 бүлдіршін тәрбиеленуде.
Өңір басшысы Шығырлы және Ақсай ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, интернет желісін тарту,газ мәселесіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Облыс әкімі аталған мәселелер жақын арада ретімен оң шешім табатындығын жеткізді.

- Ел Президенті Қасым-Жомарт  Тоқаевтың тапсырмаларында осы сала басты назарға алынып, ерекше көңіл бөлініп отыр.  Соңғы кездері Ақтөбе облысында бірқатар іс-шаралар қолға алынып, халық игілігі үшін ізгі шаралар атқарылу үстінде.Ақсай ауылдық округінде интернет жылдамдығын арттыру мақсатында 2020 жылға 70 млн теңге қарастырылды. 2020 жылдың наурыз айында құрылыс монтаж жұмыстары басталады деп жоспарлануда. Шығырлы ауылына ұялы телефон орнату бойынша Қазіргі таңда, әкімшілік-аумақтық өзгерістер енгізу арқылы Шығырлы ауылдық округі таратылып, Ақсай ауылдық округіне қосылып, халық саны өсіп келеді. Қазіргі таңда «Кар-Тел» компаниясы Шығырлы ауылын 2020 жылы ұялы байланыспен қамту мәселесін қарастырып жатыр,- деді Оңдасын Оразалин.

Бұдан соң аймақ басшысы Бірлік ауылдық округіндегі  "Сәт"шаруа қожалығында болды.1998 жылы құрылған шаруа қожалықта  436 бас ірі қара, 1112 бас қой және 274 бас жылқы бар."Сыбаға” бағдарламасы арқылы 40,0 млн.тг. 200 бас “Ангус” асыл тұқымды ірі қара алған. Қожалық иесі кәсіпкер Амантай Аймағамбетов жақында сауапты істі жүзеге асырды. Ол "Туған жерге тағзым" акциясы аясында өз қаражатымен Шығырлы өзенінен өтетін көпір салған. Көпірдің азабын тартқан ауыл тұрғындары жерлестеріне алғыстарын білдіруде.
Оңдасын Оразалин Темір ауданының  әкімі Жолдас Қалмағамбетовке Президент тапсырмаларына сай,халықтың тұрмысын,әл-ауқатын арттыру бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін тапсырды.