Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен инвесторларды тарту және өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту жөніндегі өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды City04.kz.
Кеңес отырысына қазақстандық және шетелдік инвесторлар, кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары, Ақтөбе облысының даму институттарының өкілдері қатысты.
Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген Астана халықаралық қаржы орталығы (AХҚО) басқармасы төрағасының кеңесшісі Болатбек Қуандықов инвесторларға АХҚО бар әлеуетін және қаржы нарығының қолданыстағы құралдарын таныстырды.
Өңір басшысы инвестиция көздерін тарту мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы екенін, 2024 жылға қарай инвестиция деңгейін 30% жеткізу үшін жұмыстар атқарлып жатқандығын айтты.
Облыста қолайлы инвестициялық климаттың арқасында Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Германия, Нидерланды т.б 900-ден астам шетелдік компания жұмыс істейді. Ақтөбе өңірі шикізаттық тәуелділіктен ауытқып, Қазақстан өңірлері арасында өңдеу өнеркәсібінің көлемі бойынша көшбасшы болып табылады.
Өткен жылдың өзінде өңдеу жұмыстарына 52 млрд.теңге инвестицияланған.
Биыл көлемі 140 млрд.теңге болатын 25 жаңа инвестициялық жобаны енгізу көзделіп отыр. 2019 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыс экономикасының инвестиция көлемі 371,6 млрд. теңгені немесе 102,3%артқан.
Жиында сондай-ақ, инвесторлар мен кәсіпкерлерге «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ көрсететін мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылды.
Ол инвесторлар мен кәсіпкерлерге бизнес жүргізу кезінде кездесетін өзекті мәселелерді жариялауға және талқылауға мүмкіндік берді.
Жиын барысында ұлттық компаниялардың басшылары, Ақтөбе облысының даму институттарының өкілдері атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарларын баяндады