18+

Жастарға жалға берілетін пәтер: жалақыға қатысты талап өзгертілетін болды

Депутат жұмыс істейтін жастар үшін оның қолжетімді болуы екіталай екенін баса айтты. Өйткені жалдамалы тұрғын үйден пәтер алу үшін талап бойынша жұмыс істейтін жастың ай сайынғы кірісі 40 АЕК-тен кем болмауы керек екен.

"Біз жұмыс істейтін жастардың жалдамалы баспана алу үшін талап етілетін жалақы сомасын төмендетуге дайынбыз", - деді Мәжілістегі үкімет сағатында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, деп хабарлайды City04.kz Zakon.kzке сілтеме жасап.

Мәжіліс депутаты Құралай Қаракен Қазақстанда қазір жалдамалы пәтерлерге сұраныс өте жоғары екенін, әсіресе жұмыс істейтін жастар үшін оның қолжетімді болуы екіталай екенін баса айтты. Өйткені жалдамалы тұрғын үйден пәтер алу үшін талап бойынша жұмыс істейтін жастың ай сайынғы кірісі 40 АЕК-тен кем болмауы керек екен.

- Сонда айына 101 мың теңгеден төмен жалақы алатын жастар жалдамалы пәтерге ие бола алмайды деген сөз ғой бұл. Жалға берілетін баспананы алуға өтініш білдірушілердің санын көбейту үшін талап етілетін айлық табысты азайту мүмкіндігі туралы мәселе қарастырылды ма? - деп сұрады министр Абаевтан Құралай Қаракен.

Өз кезегінде министр жалдамалы тұрғын үй жобасы енді басталып жатқанын, министрлік жеке талаптарды төмендету мүмкіндігін жоққа шығармайтынын айтты.

- Бұл тек жобаның бастамасы, сондықтан біз шамамен белгілі бір есептеулерге жүгіндік, егер адам пәтерді жалға алу үшін 15 мың төлесе, отбасының айлық шығынын ескере отырып, осындай шешім қабылданды. Біз қажетті мөлшерді төмендетуге дайынбыз. Бұл мәселені талқылауға болады, одан қандай да бір проблема көріп тұрғаным жоқ. Міндетті түрде талдау жасап, оны жариялаймыз, - деп жауап берді Абаев.

Сондай-ақ, ол 2019 жылдың соңына таман жалдамалы пәтерге қол жеткізуші алғашқы үміткерлер анықталып қойғанын жеткізді.

- Осы жылдың соңына дейін алғашқы өтініш берушілер жалдамалы баспанаға ие болады, сондықтан біз әкімдіктерге екінші нарықта баспана сатып алуға мүмкіндік беретін өзгеріс енгіздік, өйткені оны жаңадан салуға уақыт болмады. Биыл оның бір бөлігі өткізіліп беріледі. Өтініштер келіп түсе бастады. Мәселен, Алматыда қазірдің өзінде 200 өтініш келіп түскен. Келесі жылы одан да көп болады деп ойлаймын, - деп сөзін қорытындылады министр Дәурен Абаев.