Алматыда жақында орнатылған «4 тонна құм» арт-инсталляциясы алынып тасталды, деп хабарлайды City04.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Сексеуілді қорғауға шақыратын «4 тонна құм» арт-қондырғысы Алматының Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысындағы саябақта 9 қазан күні орнатылған болатын.
Аталмыш арт-нысанның ашылу рәсімінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев, «осындай инсталляция арқылы біз көрнекі түрде сексеуілді шабудың нәтижесінде шөлейттенудің қандай салдары болатынын көрсеткіміз келді», - деп атап өткен болатын.
Арт-нысанда құммен көмкерілген үйді көруге болатын. Құм Алматы қаласынан 160 шақырым жердегі Бақбақты ауылынан жеткізілген. «4 тонна құм» арт-жобасы экологиялық мәдениет деңгейін арттыруға, өсімдіктердің бірегей түрлеріне қамқорлық танытуға бағытталған. Сондай-ақ, сексеуілді сақтаудың маңыздылығын ұғындыруға және оны отын ретінде пайдаланудан бас тартуға шақырды.