18+

Головкинге ресми түрде қарсылас тағайындалды

Қазір GGG-дің екі титулы бар.

Халықаралық бокс федерациясы (IBF) орта салмақтағы өз чемпионы, казақстандық Геннадий Головкинді (40-1-1, 35 КО) атағын қорғау үшін жекпе-жек өткізуге міндеттеді, деп хабарлайды City04.kz.

Бұл туралы соңғы кездері GGG-мен жұмыс істеп жүрген промоутер Эдди Хирн (Matchroom Boxing) мәлімдеді.

Головкиннің келесі қарсыласы поляк боксшысы Камил Шеремета (21-0, 5 КО). Ол IBF титулына міндетті үміткер болып отыр. Кездесу ақпан айына жоспарланған (не 8-і не 29-ы күндері аталуда), ал өтетін жері ретінде Чикагодағы (АҚШ) Wintrust Arena аталуда.

- Мен Головкинмен келесі аптада, бейсенбіде кездесіп, келесі жекпе-жегі туралы сөйлесеміз. Головкиннің міндетті қарсыласы бар, ол Камил Шеремета. IBF бұл жекпе-жекке рұқсат берді, - деді Хирн FightHub TV-ге берген сұхбатында.

Бұған дейін Головкин мен Шереметаның жекпе-жектің қаржылық талаптары бойынша келіскені хабарланған.

GGG-мен кездескені үшін поляк өз өміріндегі ең ірі гонорарын алады.

Головкин орта салмақтағы бос тұрған IBF және IBO белбеулерін 5 қазанда украиналық Сергей Деревянченконы (13-2, 10 КО) жеңгеннен кейін иеленді.

Шеремета сол кештің андеркартесінде жекпе-жек өткізген. Поляк екінші раундта мексикалық Оскар Кортесті нокаутқа жөнелтіп, IBF титулына үміткер атанды.

Vesti.kz.