Қайта ашылған зейнетақы шоттарының 64%-ы 30 жасқа дейінгі азаматтардың үлесінде.
2019 жылдың 9 айында 308,5 мың жаңа жеке зейнетақы шоты ашылған, деп хабарлайды Zakon.kz БЖЗҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның ішінде 273,6 мың жаңа шот – міндетті зейнетақы салымдары бойынша, 28,0 мың шот – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және 6,9 мың шот – ерікті зейнетақы жарналары бойынша ашылған.
- Егер салымшылардың жасы туралы айтар болсақ, қайтадан ашылған міндетті зейнетақы шоттарының 64 пайызы жасы әлі отызға толмаған қазақстандықтардың үлесіне тиеді. Міндетті зейнетақы салымдары бойынша ашылған жеке шоттардың 27,3%-ы 30 бен 50 жас арасындағы азаматтарға тиесілі. Зейнетақы жарналарын аударуды 50 жасқа толғаннан кейін ұйғарған азаматтар да бар. Мәселен, 2019 жылы екі мыңға жуық салымшы тіпті 60 жастан асқаннан кейін міндетті зейнетақы жарналарын аудара бастады, - деп атап өтті жинақтаушы зейнетақы қорының баспасөз қызметі.
Жеке зейнетақы шотын тұңғыш рет ашып отырған салымшылардың ішінде 50 мыңдай адам Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) аударушысы болып табылады. Еске сала кетсек, төлемнің бұл түрі 2019 жылдың қаңтар айында бейресми жұмыс істейтін азаматтар үшін енгізілген болатын. Бірыңғай жиынтық төлем міндетті 4 төлемнің орнын алмастырады: жеке табыс салығы, БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналары, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына міндетті әлеуметтік жарна және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудрылатын әлеуметтік жарна.
Жыл басынан бері Бірыңғай жиынтық төлем түрінде БЖЗҚ-ға 330 мыңнан астам жарна түскен.
Айта кетсек, БЖЗҚ 2013 жылдың 22 тамызында "МЖЗҚ" ЖЗҚ" АҚ негізінде құрылған. БЖЗҚ-ның құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметі (Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің "Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті" ММ арқылы). БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.
2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді.