12 қараша, сейсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен аппарат отырысы өтті, деп хабарлайды City04.kz.
Жиында екі мәселе қаралды. Ақтөбе адалдық алаңы жобалық кеңсесінің басшысы Жанболат Тұртаев «Open space» қағидатына сай Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдіктерінде кабинеттер ашу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында білім беру мекемелерінде «Парасаттылық мектептерін» іске қосу жұмыстары туралы баяндады. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, азаматтарға қолайлы жағдай жасау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бағыттарына негізделген «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобасы облыста 2019 жылдың басында жүзеге асырыла бастады. Өңір басшысының тапсырмасына сай, «Open space»форматындағы жұмыс істеу кабинеттері Ақтөбе қаласында, Алға, Темір, Мәртөк, Шалқар аудандарында жұмыс жасауда. Алайда Байғанин, Мұғалжар аудандарында ашылған кабинеттер «Open space» форматына сай келмейді.
Ырғыз ауданында аталған жұмыс жаңа әкімдік құрылысы аяқталғаннан соң жүргізіледі. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы республикалық көрсеткіш бойынша 10-шы орында тұр. Аталған мәселе бойынша Оңдасын Оразалин аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.
«Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуге, қоғаммен байланысты күшейтуге негізделген. «OPEN SPACE» форматындағы кабинеттердің жүзеге асырылуы - мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы, сондықтан осы бағыттағы жұмысты дамыту қажет»,-деді облыс әкімі.
Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов облыстық автожолдарда қалыптасқан төтенше жағдай мен қабылданып жатқан шаралар және қыс мезгіліне дайындық мәселесіне тоқталды. Ол 3 қараша күні орын алған табиғаттың тосын мінезіне қатысты ақпар берді. Сол күні Қарабұтақ ауылынан Қызылорда облысының шекарасына дейін «Самара-Шымкент» а/ж жабылған. 4 - қарашада Ырғыз кентінен Қалыбай ауылына қарай қар құрсауында 196 транспорт соның ішінде Тәжікстанның 16 азаматы бар автобус болған. 8 тұрақты жылыту бекеттері ашылып, оның ішінде 6 жылыту пунктіне 212 адам эвакуацияланған. 4 күн ішінде қар құрсауынан 230 адам, оның ішінде 38 бала эвакуацияланып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. 268 бірлік техника шақыртылған.