18+

Хромтауда қызмет бабында қаза тапқан полицейлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойылды

12 қараша күні Ақтөбе облысында биылғы жылы қызмет барысында ерлігімен ерекше көзге түскен республикамыздың ең үздік 14 полиция қызметкерлерінің қатысуымен «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа - үлгі» ұранымен «Қазіргі заман қаһарманы» республикалық акциясы басталды, деп хабарлайды City04.kz.

Полиция қызметкерлерінде азаматтық-құқықтық көзқарас, қазақстандық патриотизм, Антқа және қызметтік борышқа адалдықты қалыптастыру және ішкі істер органдарының имиджін арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 11-15 қараша аралығында Ақтөбе қаласында бейбіт уақытта ерлік істер жасаған полиция, төтенше жағдайлар бөліністерінің, қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлерін және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің қатысуымен жыл сайынғы «Қазіргі заман қаһарманы» атты республикалық акциясы өтіп жатыр.

13 қараша күні аталған акция Ақтөбе облысының Хромтау қаласында өз жалғасын тапты. Хромтаудағы салтанатты шара ең алдымен қызмет бабында қаза тапқан полицейлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, оларды еске алудан басталды. Ескерткіш қызметін атқару кезінде 1980 жылы қылмыскерлер қолынан қаза тапқан, милиция майоры Бұжыр Иманғазин мен бұзақылар қолынан мерт болған учаскелік полиция қызметкері Қымбатқазы Оразалиннің есімдерін келешек ұрпақ жадында қалдыруға арналған болатын. Шараға Хромтау ауданының тұрғындары мен жастар, ардагерлер, аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы, қаза тапқан полицейлердің туыстары қатысты. Жиналған көпшілік алдында сөз алған аудан әкімі Нағымжан Алдияров ауданға келген қонақтарға алғысын білдіріп, ел тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында анттарына адалдық танытқан асыл азаматтардың бейнесі отаншылдықтың жарқын үлгісі болып қала беретіні туралы айтты. Салтанатты шарада қаза болғандар бір минут үнсіздікпен еске алынды. Республикалық акция қатысушылары Хромтау қаласындағы №7 орта білім беретін мектеп ұжымы және оқушыларымен кездесті.

Бұл кездесудің жастар үшін үлкен тәрбиелік мәні бар. Мемлекет тәртіп сақшыларының еңбегін жоғары бағалауда. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде 1392 ішкі істер органының қызметкері мемлекеттік наградалармен марпатталды. Олардың дені қиын жағдайларда ерлік пен антына адалдық танытып, азаматтардың қауіпсіздігі мен бейбіт өмірі үшін жанқиярлық көрсете білді. «Біздің мақсатымыз - елін сүйетін, антына адал, қызметін мүлтіксіз орындайтын осындай әріптестеріміздің ұмытылмас өнегелі өмір жолдарын жастарға үлгі ету.

Соның нақты бір мысалы ретінде, Ақтөбе қалалық полиция басқармасының жедел уәкілі полиция капитаны Абдуллин Әнуардың ерлік әрекеті айтуға болады, ол сейфтегі ақша мен алтын бұйымдарды ұрламақ болған қаруланған қылмыскерлерді өз басын қатерге тігіп, құрықтаған болатын» - деп атап өтті салтанатты шарада сөз алған ҚР ІІМ Кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев. Хромтаудағы кездесу соңында Алматы қаласы полиция департаменті ансамблінің шығармашылық ұжымы концерттік бағдарламасын ұсынды.

Акция Ақтөбе қаласында да жалғасын тауып, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде профессор-оқытушылар құрамы және студенттермен кездесуге ұласты. Өскелең ұрпақтың отаншылдық рухын көтеретін бұл маңызды патриоттық шара қарашаның 14-інде Ақтөбе облысының Темір ауданында жалғасын таппақ. 15 қараша күні "Өнер орталығы" концерт залында салтанатты іс- шараның қорытынды бөлімі өтеді. Онда Ішкі істер министрі атынан марапаттаулар мен алғыс хаттар табыс етіледі. Акция соңында ақтөбелік тұрғындар назарына Алматы қаласы Полиция департаменті ансамблінің концерттік бағдарламасы ұсынылады.