18 қараша Ақтөбе облысының әкімі Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай Өтпеновпен кездесті, деп хабарлайды City04.kz.
Оңдасын Оразалин ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай Өтпеновпен кездесті
Кездесу барысында Ақтөбе өңіріндегі дін саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен, жоспаралар жайы талқыланды. Аймақ басшысы ҚМДБ-ның және Ақтөбе облысындағы өкілдігінің тұрақтылықты сақтау, қоғамда конфессияаралық келісім мен толеранттылықты нығайту, кез келген түрдегі және көріністердегі діни экстремизм мен радикализм идеологиясына халықтың иммунитетін қалыптастыру бағытындағы зор үлестері үшін алғысын білдірді.
- Имамдарға жалақы төлеу мәселесі бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан және демеушілерді тарту арқылы шешімін табуда. Жаһандық деңгейде қалыптасқан діни ахуалға байланысты имамдардың қоғамдағы рөлі және олардың беделін арттыру бағытындағы жұмыстар бей-жай қалмай, оларды тұрақты біріздендірілген жалақымен, қызметтік үй-жайлармен қамту және т.б. әлеуметтік қолдаулар бойынша өзінің тиісті жалғасын табады деген үміттемін. Осы игі дүниелерге қол жеткізу үшін ҚМДБ тарапынан да заманауи талаптарға сай жауап беретін жоғарғы деңгейдегі білікті қызметкерлерді дайындауда өзіндік ерекше саясат қалыптастырылуы қажет деп санаймын,-деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Өз кезегінде Наурызбай Өтпенов бүгінгі Ақтөбеде өткен ІІІ республикалық аймақтық имамдар форумында көтерілген мәселелерді айтып өтті. Және шараның әкімдік тарапынан жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғысын білдірді.
Айтып өтейік, облыс бойынша 110 діни қызметкерлермен қамтамасыз етілген 69 мешіт қызмет етуде. Ақтөбе қаласында 2 мешіттің құрылысы жүргізілуде.
Ал, дін саласындағы болашақ кадрларды дайындау көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда жоғары және арнаулы орта діни білімді мешіт қызметкерлерінің үлесі 30%-ға артып 80%-ды құрады. «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде білім алу үшін облыс әкімінің 10 гранты тағайындалса, бюджеттен тыс қаражат көздері арқылы аталмыш ЖОО-дағы ақылы негізде білім алып жатқан 5 ақтөбелік студенттің оқу ақысына қолдау көрсетілген.