18+

- Мен үшін өңірдің жеке тұрғынының да, жалпы бизнес-қауымдастықтың да мүдделері маңызды

,- деді Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында өнеркәсіптік кәсіпорындардың 2019 жыл ішіндегі жұмыс қорытындылары қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, ірі кәсіпорындардың, басқармалардың басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейне байланыс арқылы қатысты, деп хабарлайды City04.kz.

- Өңірде Мемлекет басшысының әлеуметік-экономикалық даму бойынша тапсырмаларын орындаудың тиімді шаралары қабылданып жатыр. Халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуде және әл-ауқатын жақсартуда өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметі маңызды орын алады,- деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов биыл өнеркәсіп пен негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемінің оң динамикасы байқалатынын жеткізді.
Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп көлемі 1,8 трлн. теңгені құрады,  нақты көлем индексі 105,8% деңгейде. Соңғы 3 жылда өнеркәсіп құрылымындағы өңдеу секторының үлесі 28-ден 33%-ға өсті. Бұл облыстың шикізатқа тәуелділіктен кетуінің дәлелі болып табылады. Алайда, оң динамикаға қарамастан өңірдегі кәсіпорындарда бірқатар проблемалар бар, бұл жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуге елеулі ықпал етуі мүмкін. Олардың қатарында өндіріс, мұнай өндіру көлемінің айтарлықтай төмендеуі, қордың таусылуы және т.б. бар.

Сондай-ақ, Қайрат Бекенов шетелдік құрылтайшы компаниялар арасында тартылатын шетелдік қызметкерлер санының артуына, қазақстандық мамандардың нашар немесе формальды түрде ғана оқытылатынына назар аударып, шетелдік және жергілікті кадрлар арасындағы еңбекақы бойынша сәйкессіздік деректерін келтірді.

Осыған байланысты Оңдасын Оразалин осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, шетелдік жұмыс күшін тарту жағына талдау жүргізуді және заңсыздық анықталған жағдайда оларды депортациялауға дейін апаратын жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Облыс әкімі жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі жұмыстарды да қатаң сынға алды. Мұнай-газ секторындағы  жер қойнауын пайдаланушылар 150,3 млрд. теңгеге тауар, жұмыс пен қызметтерді сатып алған, соның ішінде жергілікті қамту үлесі небәрі 50,7%-ды құрайды.
Атап айтқанда, ақтөбелік өндірушілер өңір басшысының назарын ірі компаниялардың байқау кезінде сатып алу құнын әдейі көтеретіндеріне аударды. Соның салдарынан жергілікті тауар өндірушілер байқауларға қатыса алмайды.

- Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық-саяси тұрақтылығына әсер ететін проблемалар бар. Мен кәсіпорындардың алдымен пайда табуға мүдделі екендерін түсінемін. Жергілікті атқарушы органдар бір жағынан компаниялардың табысты жұмыс жасауына, өндірістік тапсырмалардың жүзеге асырылуына қолдау көрсетулері қажет, бірақ бұған қоса кәсіпорын жұмысы өңірдегі әлеуметтік тұрақтылыққа оң ықпалын тигізуі тиіс.  
Сіздер барлығына үнемдей отырып, пайда табарда бір нәрсені, яғни мұның барлығына Қазақстанда мемлекет басшысы саясатының арқасында қамтамасыз етілген тұрақтылықтың арқасында қол жеткізілгендігін ұмытпауыңыз керек,- деп атап өткен өңір басшысы жергілікті өндірушілерді қолдау шараларының кешенін әзірлеуді тапсырды.

- Мен үшін облыс басшысы ретінде өңірдің жеке тұрғынының да, жалпы бизнес-қауымдастықтың да мүдделері маңызды маңызды. Ең алдымен біздің жергілікті өндірушілер іске қосылу керек. Бұл барлық кәсіпорындарға қатысты,- деген Оңдасын Оразалин ірі компания басшыларына әлеуметтік міндеттер жайында еске салды.