Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында Ақтөбе облысының мемлекеттік органдарындағы атқарушылық тәртіп мәселесі қаралды, деп хабарлайды City04.kz.
Оған облыс әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейне байланыс арқылы қатысты.Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұржауған Қалауовтың айтуынша, осы жылғы 1-18 желтоқсан аралығында облыс әкімі тарапынан 133, орталық мемлекеттік органдардан 372 тапсырма берілген. Хаттамалық тапсырмалардың үшеуінің мерзімі бұзылып, 12-сі орындалмаған.
Атап айтқанда, Ақтөбе облысының әкімдігі қазандықты кеңейту, «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы 900 орындық орта мектептің құрылысын аяқтау және «Ақжар-2» шағын электр стансасын кеңейтуге қатысты тапсырмаларды орындамаған. Тапсырмалардың көрсетілген мерзімде орындалмау себебі маңызды жобаларды жүзеге асырумен айналысатын мердігер мекемелерге байланысты.
Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласының басшылығына аталмыш нысандарды аяқтау жұмыстарын жандандыруды тапсырды.Президент әкімшілігі, Премьер-министр кеңсесі және Орталық мемлекеттік органдар берген 577 тапсырманың алтауы орындалмаған. Осыған байланысты облыстық ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Сергей Беккер сынға алынды.
Оның ведомствосы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты тапсырманы орындамаған.Сондай-ақ, өңір басшысы Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне, мемлекеттік органдардың басшыларына жеті күн тәулік бойы байланыста болу керектерін ескертті.