18+

Мәртөк ауданында «Ashyq àkimdik» ашылды

Ағымдағы жылдың 24 желтоқсанында  «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов пен Мәртөк ауданының әкімі Ермек Кенжеханұлының қатысуымен Мәртөк ауылында «Ashyq àkimdik» форматында халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды, деп хабарлайды City04.kz.

    «Ashyq àkimdik» орталығы 1983 жылы салынған ғимараттың екі қабатын алып жатыр. Бірінші қабаттағы жалпы ауданы 250,2 ш.м. фронт-кеңседе келесі мекемелер орналасқан: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының аудандық филиалы - «Халыққа қызмет көрсету орталығы» және мемлекеттік органдар басшыларымен азаматтарды жеке қабылдауды ұйымдастыруға арналған «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі. 

Екінші қабатта жалпы ауданы 259,9 ш.м. бэк–кеңсе орналасқан. Мұнда азаматтар жұмыспен қамту және әлеуметтік қамтамасыз ету салаларында қызмет алу, сондай-ақ азаматтық хал актілерін (АХАЖ секторы) рәсімдеу үшін жүгіне алады. 

    «Ashyq àkimdik» - көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің ашықтығын, қол жетімділігін және сапасын қамтамасыз ететін алаң, - деп атап өтті Ербол Данағұлов.

«Ashyq àkimdik» орталығы Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру үшін ашылды. Мұнда «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтің 742 түрі көрсетілетін болады.