25 желтоқсан, күні Ақтөбеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің жанында орналасқан «Antıkor ortalyǵy» сервистік ғимараты ашылды, деп хабарлайды City04.kz.
Қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуге, облыс азаматтарына консультациялық қолдау көрсетуге арналған орталықтың ашылу салтанатына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары, жобалық кеңсе жұмысшылары , ақпараттық үгіт-насихат штабының мүшелері қатысты.Жаңа ғимаратты аралап, орталықтың ұжымымен кездесті.
"Antikor ortalyǵyның" қоғамдағы рөлін талқылауға арналаған жиын өтіп, келушілер орталықтың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Сервистік орталықтың бірінші қабатында күту залы, балаларға арналған бұрыш, Департамент пен «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдерімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша консультациялық және заңгерлік көмек көрсетуге арналған ашық кабинеттер орналасқан.Ал екінші қабатта брифинг-зал, жиналыстарға арналған блок және кәсіпкерлер мен инвесторлар қызметтеріне заңсыз араласу фактілері мен сыбайлас жемқорлық көріністерінен кепілді қорғауға жүгіне алатын «Protecting business and investments» жобасының кеңсесі орналасқан.
Естеріңізге сала кетсек, аталған жоба аясында бизнесті парасатты жүргізу жөніндегі 30 келісімге қол қойылып, 4 трлн. 177 млрд. теңге сомасынан асатын қаражат сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қорғауына алынған болатын.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен айқындаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ілгерілету тапсырмасы аясында Агенттік Төрағасымен облыс басшысы Оңдасын Оразалин азаматтарды қабылдап, ауылшаруашылық, құқықтық мәселелерге қатысты сұрақтарға жауап берді.