Қытай соты Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты үкім шығарды.
Қытай соты Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты сот шешімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды City04.kz Sputnik Қазақстанғасілтеме жасап.
Бүгін Қытайдың Гуанчжоу сотында есірткі тасымалдағаны үшін айыпталған Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты сот үкімі шықты.
"Қытай соты өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкімді өзгеріссіз қалдырды", - делінген хабарламада.
Үкім 10 күннен соң күшіне енеді.
Сот отырысына адвокаттар мен Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің консулы қатысқан.
Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған еді. 2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.
2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.
Осы жылдың қыркүйегінде Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімова Қазақстан президентіне көмек сұрап хат жазды. Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапары кезінде Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерген болатын.
Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің мәліметіне сүйенсек, Тұрлыбай қасындағы сотталғандарға ағылшын тілін үйретіп жүр. Сонымен қатар, көркем әдебиет оқиды, дене шынықтырумен де айналысады. Қытай тілін жақсы меңгеріп алған.