18+

Ақтөбеліктер генерал-лейтенант Жансен Кереевті еске алды

1 қаңтар, сәрсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен тұңғыш генерал- лейтенант Жансен Кереевті  еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды Сity04.kz.

Тарихи тұлғаның 90 жылдығына орай үйымдастырылған шараға  қала әкімі Мавр Аблуллин, Жансен Кереевтің інісі Амангелді Жұпаров,  Т. Бигельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының  кусанттары т.б қонақтар қатысты.
Артында өшпес із қалдырған азаматтың рухына тағзым еткен облыс әкімі Оңдасын Оразалин және ҚР Қарулы күштері ардагерлері РҚБ Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағасы Қажымұқан Сәтеновтың атынан гүл себеттері қойылды.
Бұдан соң, жиылған көпшілік генерал-лейтенантты бір минут үнсіздікпен еске алды.

- Ақтөбе өңірінің тарихында өр тұлғалар аз болған жоқ.

Ұрпағы ұлағат тұтып, құрмет көрсетер азаматтардың бірі, бүкіл саналы ғұмырын Отан қорғау ісіне арнаған жандардың бірі - генерал-лейтенант Жансен Кереев ағамыз. 

Даңқты жерлесіміз Ойыл мен Бабатай өзендері қиылысқан Бабатай ауылында дүниеге келіп, кешегі кеңестік кезеңде әскери баспалдақтың биік сатысына шыққан танымал азамат. Бүгін туғанына 90 жыл толып отырған Жансен Кереев — КСРО заманында  қандастарымыздың арасынан оқ бойы озып шығып, алғашқы боп генерал-лейтенант атанған алып тұлға,-деді облыс әкімі.

Жансен Кереев қазақ ұлтының арасынан Бас штаб Әскери академиясын бірінші болып бітірген, М.Фрунзе атындағы Әскери академияны алтын медальмен тәмамдаған талантты командир. Кеңестер Одағының ірі әскери округінде штаб бастығы және әскери округ бастығының бірінші орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Ол Қазақстанда әскери қызметте болған жоқ. Бірақ қай түкпірде, қай қиырда жүрсе де туған ауылына, өскен өлкеге жиі келіп тұрды. Дінмұхамед Қонаевпен достық байланысын үзбеген.