18+

Қытайда тарап жатқан белгісіз індеттің неден туындағаны белгілі болды

Эпидемиологиялық зерттеу кейбір науқастардың теңіз өнімдері нарығында жұмыс істегенін анықтады. Қазіргі уақытта індеттің адамнан адамға жұғуын растайтын нақты белгілер жоқ, одан ешкім өлмеген.

Қытайдың Ухань қаласында белгісіз вирустық пневмонияның өршуіне коронавирустың жаңа түрі себеп болды, деп хабарлайды Қытайдың Орталық теледидары вирусқа зертханалық зерттеулер жүргізген мамандар тобына сілтеме жасап.

"7 қаңтардағы сағат 21: 00-дегі жағдай бойынша зертханалық зерттеу нәтижесінде коронавирустың жаңа түрі анықталды, нуклеин қышқылының әдісімен жүргізілген сынақтан кейін коронавирустың жаңа түрінің 15 жағдайы анықталды. Бұрын сарапшылар алдын ала тараған белгісіз пневмониялық індеттің коронавирустың жаңа түрі екенін болжаған, - дейді мамандар", деп хабарлайды РИА Новости.

Сарапшылар аурудың клиникалық көріністеріне одан әрі эпидемиологиялық және клиникалық зерттеу жүргізу қажет екенін, оған уақыт керектігін де айтады.

Желтоқсанның аяғында қытай билігі Хубэй провинциясындағы Ухань қаласында белгісіз індеттің тарағанын хабарлады. 5 қаңтардағы жағдай бойынша қалада вирустық пневмонияның 59 жағдайы анықталды, жеті адамның жағдайы ауыр. Дәрігерлер науқастармен тығыз байланыста болған тағы 163 адамды да тексеріп жатыр. Эпидемиологиялық зерттеу кейбір науқастардың теңіз өнімдері нарығында жұмыс істегенін анықтады. Қазіргі уақытта індеттің адамнан адамға жұғуын растайтын нақты белгілер жоқ, одан ешкім өлмеген.