25 қаңтар Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Мәртөк ауданына барды, деп хабарлайды City04.kz.
Өңір басшысы аудан әкімі Ермек Кенжеханұлы "2019 жылғы әлеуметтік- экономикалық дамуының қорытындысы және 2020 жылға арналған міндеттер" туралы халыққа есеп беру кездесуіне қатысты. Ермек Кенжеханұлының мәліметінше Мәртөкте экономикалық дамудың оң динамикасы байқалады. Өнеркәсіп өндірісі 112%, ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 104,4%,негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 108%, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 121,4% құраған. Мәртөк ауданы бюджетінің кіріс бөлігі 862,3 млн теңге.
Есеп беру жиынына келген тұрғындар аудан орталығына жаңа балабақша, Жайсаң ауылына емхана салу және дәрігерлердің жетіспеушілігіне қатысты сұрақтар қойды. Аталаған мәселелер бойынша облыс басшысы аудан әкіміне нақты тапсырмалар беріп, оның орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
Мәртөк ауылында 160 орынға арналған жаңа дене шынықтыру, сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Облыс әкімі нысанның жұмысымен танысып, жас спортшылармен кездесті.
Жастардың жан-жақты дамуы үшін өңірде әсіресе, ауылдық жерлерде бірқатар жұмыстар жасалып жатқандығын жеткізген облыс әкімі көпшілікті кешеннің ашылуымен құттықтады.
"Ағымдағы жылы Ырғыз, Қарғалы, Әйтеке би, Байғанин, Темір және Хромтау аудандарында бұрын басталған осындай кешендердің құрылыстарын аяқтау жоспарлануда.
Спортпен шұғылданатын өскелең ұрпақтың саны артып, болашақта чемпиондардың шыңдалып шығуына шын жүректен тілектеспін",-деп атап өтті аймақ басшысы.
Кешенде футзал, волейбол, баскетбол және қозғалмалы ойындар бойынша жаттығулар мен жарыстар өткізуге болады. 4 жолақты бассейн автоматты скиммерлік су айналымы жүйесімен, медициналық кабинетпен, хлоратор бөлмесімен қамтылған. Айтып өтейік құрылысы 2019 жылы басталған болатын, оған 323 млн теңге жұмсалды.
Бұдан соң, аудан әкімі аймақ басшысына ашық әкімдік ғимаратының жұмысымен таныстырды. 1983 жылы салынған 3 қабатты ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, қазірде
тұрғындарға «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының» Мәртөк аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс жасауда.
ХҚКО арқылы – 618 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Жалпы орта есеппен күніге қағаз жүзінде 70-80, электрондық негізде 100-120 қызмет, 1 күнде 150-200 азамат қызмет алады. Сонымен қатар мұнда бэк-офис ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер көрсететін аудандық бөлімдер, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудандық жұмыспен қамту орталығы, жер бөлімі, АХАЖ секторы орналастырылған.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Мәртөк ауданында жүзеге асырылған жұмыстарға оң бағасын берді. Аудан әкіміне халықпен кездесуде көтерілген мәселелерді ыждағаттап шешуді тапсырды.