Ақтөбе облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің өрт сөндірушілері - құтқарушылары Ақтөбе қаласының орталығындағы өртеніп жатқан көп қабатты үйден 8 адамды құтқарды, деп хабарлайды City04.kz.
Астана ауданы, Ағайынды Жұбановтар көшесіндегі 290 үйдегі өрт туралы ақпарат Өрт сөндіру қызметінің Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығына 23 қаңтар күні сағат 13 сағат 52 минутта түсті. Өрт 4-ші қабаттың электрқалқанында басталып - 5-ші және 6-шы қабаттың электр қалқандарына ауысып электр сымдары өртенді. Кейбір пәтерлердің тұрғындары өз бетімен сыртқа эвакуацияланды. Кейбіреулері, оның ішінде кішкентай балалары бар тұрғындар пәтерлерінде қалып, қатты түтіннен үйден шыға алмады.
Өртті сөндіруге Ақтөбе облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің ӨСБ 20 адам мен 4 техника жұмылдырылды. Оқиға орнына жедел жеткен, қарауыл бастығы азаматтық қорғау аға лейтенанты Б. Балсейтовтын басқаруыменен 1-ші бөлімшенің жеке құрамы жоғарғы қабаттардағы пәтерлерде орналасқан тұрғындарды эвакуациялау мен құтқаруға шешуші бағыт алды, өрттің таралуына жол бермеу үшін шаралар атқарды. Қарауыл құрамымен жауынгерлік қанат жайылып, өртке 1 «Б» оқпаны берілді, 2 топ ГТҚҚ ұйымдастырды. Өрт сөндірушілер М. Тапаев пен А. Дәулетов бөлімше командирі Е.Өмірбаевтың өртті сөндіру бойынша барлық нұсқауларын орындады.