18+

Заңға өзгеріс енгізілмек: Енді көпбалалы отбасылар 160 мың теңгеге дейін алады

Заңға өзгеріс енгізілмек: Енді көпбалалы отбасылар 160 мың теңгеге дейін алады

Үкімет көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы төлеу кезінде жеті баламен шектелмеуге шешім қабылдады

Бала саны жетіден асатын отбасыларға төленетін мемлекеттік жәрдемақының мөлшері өседі. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды City04.kz.

Айта кетсек, жаңа жылдан бастап еліміздегі көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Жәрдемақы бала санына қарай беріледі, әр балаға шамамен он мың теңге. 4 балаға – 42 496 теңге; 5 балаға – 53 127 теңге; 6 балаға – 63 757 теңге; 7 және одан көп балаға – 74 388 теңге.

Осыдан кейін сегіз-он бала тәрбиелеп отырған аналар тарапынан үкімет неге жеті баламен шектелді деген уәж айтылды.

"Өткен айда бұл мәселені қарадық, депутаттармен талқыладық. Қазір депуттардың тарапынан сол қабылданған заңға өзгерістер ұсынылып отыр. Біз осы бастаманы толықтай қолдадық. Тиісті өзгерістер үкіметтен шығып, парламент қарауына жіберіледі. Осы орайда жобалап айтайын, егер 7 балаға 74 мың теңге болса, енді 8 балаға – 85 мың теңге, 9 балаға – 96 мың теңге, 15 балаға 160 мың теңгедей белгіленеді. Оған тиісті қаражатты қарастырдық", - деді Нұрымбетов мәжіліс кулуарында.

Мәселен, министрдің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмаған 15 баласы бар бір отбасы тұрады екен.

Дереккөз: Sputnik Қазақстан