18+

Жастар қар күреп жарысуда

 Ақтөбе облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанындағы ақпараттық-ағартушылық штабы Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі студенттерінің қатысуымен «Біз біргеміз» акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды City04.kz.

Шара ұйымдастырушысы, облыстық ақпараттық-ағартушылық штаб төрайымы Жеңісгүл Мұхамбетпаизованың айтуы бойынша бұндай шаралардың парасатты ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі зор.

-Жалпы, Департамент жанындағы ақпараттық-ағартушылық штаб - қоғам арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Бүгінгі күні Агенттік парасаттылық идеологиясын дәріптеуде. Ал парасаттылық дегеніміздің өзі - адам бойындағы ең ұлы қасиеттердің жиынтығы. Осыған байланысты, бүгінгі күні Штабымыз сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық шараларды өткізуден басқа, адамгершілік пен мейірміділік қағидаларын насихаттауды да жөн деп есептейміз», - дейді Жеңісгүл Мұхамбетпаизова.

Жастар қар күреуге арналған жабдықтарын алып, екі ай бойы ауласы қардан тазаланбаған үш отбасының ауласын қардан тазалап берді. 

«Аталған акция жайында естіген бойда, достарымызбен бірден ұйымдаса қойдық. Қайырымдылық жасаған жақсы ғой, мұқтаж жандардың күлімдеген жүзі жүрегіңе бір жылылық ұялатады» - дейді шараға қатысқан 4-ші курс студенті Қаңтай Тиыштықов.

Жалпы өткен жылдың қараша айынан бастап облысымызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-ағартушылық штаб өз жұмысын бастаған болатын.